Құқық кафедрасының студенттері үшін тәжірибелі мамандармен кездесу – болашақ кәсіби бағыт-бағдарын айқындайтын маңызды іс-шаралардың бірі. Осындай мазмұнды кездесулердің бірі Батыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің басшысы Тасыбаева Алия Әнесқызы қатысуымен өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты – студенттерді заңгер мамандығының қыр-сырларымен таныстыру, мемлекеттік қызметтің ерекшеліктерін түсіндіру және құқық саласында табысты еңбек етудің жолдарын көрсету болды. Сонымен қатар, болашақ мамандарға кәсіби мотивация беру, олардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру көзделді.

Кездесу барысында Алия Әнесқызы өзінің еңбек жолы туралы кеңінен әңгімелеп берді. Ол заң саласына келу себептерімен бөлісіп, алғашқы еңбек жолын бастаған кезеңдегі қиындықтар мен жетістіктерін атап өтті. Мемлекеттік қызметте табысқа жету үшін тек білім ғана емес, табандылық, адалдық, жауапкершілік және үздіксіз өзін-өзі дамыту қажет екенін ерекше айтты.

Сондай-ақ, ол әділет органдарының негізгі қызмет бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда:

– нормативтік-құқықтық актілерді тіркеу;

– атқарушылық өндіріс саласын үйлестіру;

– заңды тұлғаларды тіркеу;

– зияткерлік меншік құқықтарын қорғау;

– халыққа құқықтық қызмет көрсету.

Студенттер әділет органдарының күнделікті жұмыс барысы, мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі, тағылымдамадан өту мүмкіндіктері туралы пайдалы ақпарат алды.

 

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz