16 сәуір 2026 жылы «Құқықтану» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру мақсатында ерекше форматтағы көшпелі сабаққа қатысты. Аға оқытушы Б.Е. Бисембаевтің жетекшілігімен ұйымдастырылып,Батыс Қазақстан облысының Сот сараптамасы институты базасында өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – студенттердің сот сараптамасы саласындағы кәсіби дағдыларын жетілдіру, қылмыстық іс жүргізу барысында қолданылатын заманауи әдістермен таныстыру және олардың болашақ маман ретіндегі құзыреттілігін арттыру болды.
Сабақ барысында институт мамандары студенттерге мәйітті сот-медициналық тексеру процесінің негізгі кезеңдерін жан-жақты түсіндіріп, тәжірибелік тұрғыда көрсетті. Атап айтқанда, мәйітті қарау тәртібі, сыртқы және ішкі белгілерін тіркеу, сондай-ақ зерттеу үшін қажетті үлгілерді алу тәсілдері мен жолдары егжей-тегжейлі баяндалды. Бұл өз кезегінде студенттердің теориялық білімдерін нақты тәжірибемен бекітуіне мүмкіндік берді.
Көшпелі сабақ барысында білім алушылар сот сараптамасының қоғамдағы маңызын терең түсініп, құқық қорғау қызметіндегі сараптамалық зерттеулердің рөлін айқын сезінді. Мұндай тәжірибеге бағытталған сабақтар студенттердің кәсіби қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ қызметіне деген жауапкершілігін де күшейтеді.
Аталған іс-шара оқу процесінің маңызды бөлігі ретінде студенттердің кәсіби қалыптасуына зор үлес қосып, олардың білікті заңгер маман болып шығуына негіз болары сөзсіз.