2026 жылғы 28 қазанда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Құқық» кафедрасында Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын тыңдауға арналған ақпараттық-танымдық іс-шара өткізілді.
Іс-шараға 6В04202 – «Құқықтану» білім беру бағдарламасының барлық білім алушылары тартылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық реформалар туралы білімдерін кеңейту, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарымен таныстыру, азаматтық жауапкершілікті, құқықтық мәдениетті және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы тыңдалды. Білім алушылар елдің алдағы даму бағыттары, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыру мәселелеріне назар аударды.
Жолдауды тыңдау болашақ заңгерлер үшін ерекше маңызға ие. Себебі құқық саласында білім алып жүрген жастар еліміздің құқықтық мемлекет ретінде дамуына, заңдылық пен әділеттіліктің нығаюына және азаматтардың құқықтарын қорғауға үлес қосатын мамандар болып қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысының Жолдауымен танысу білім алушылардың кәсіби дүниетанымын кеңейтіп, ел өміріндегі маңызды оқиғаларға саналы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Іс-шара барысында жастардың мемлекеттік маңызы бар мәселелерге қызығушылығын арттырудың, олардың азаматтық ұстанымын нығайтудың және болашақ мамандардың құқықтық сауаттылығын жетілдірудің маңыздылығы атап өтілді.
Осындай іс-шаралар білім алушылардың ел тағдырына бейжай қарамайтын, заңды құрметтейтін, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін және кәсіби міндеттерін адал атқаруға ұмтылатын білікті маман болып қалыптасуына бағытталған.
Ел болашағы – білімді, жауапты және заңды құрметтейтін жастардың қолында!



