2026 жылғы 23 мамырда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Өндірістік технологиялар институтының ветеринария және техносфералық қауіпсіздік кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты Днекешев А.К.-ның жетекшілігімен ZOODOCTOR ветеринарлық клиникасы базасында өндірістік кәсіби бағдар беру жұмысы ұйымдастырылды. Клиника басшысы – Страмоусов Максим Анатольевич. Кездесу барысында ветеринария саласы мамандарының кәсіби дамуы, біліктілікті арттыру мәселелері, сондай-ақ университет магистратурасында білімін жалғастыру мүмкіндіктері талқыланды. Жоғары оқу орны мен практикалық ветеринария саласы арасындағы өзара ынтымақтастыққа, ветеринарлық медицина саласы үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды.
ZOODOCTOR ветеринарлық клиникасы Батыс Қазақстан облысы мен Орал қаласындағы ірі заманауи ветеринарлық орталықтардың бірі болып табылады. Клиникада үй жануарларын жоғары кәсіби деңгейде қабылдау, диагностикалау және емдеу қызметтері көрсетіледі. Мұнда тәжірибелі ветеринар дәрігерлер мен бейінді мамандардан құралған үлкен ұжым қызмет атқарады. Клиника мамандарының көпшілігі Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті түлегі болып табылады. Сонымен қатар, кейбір мамандар университет магистратурасында білім алып, практикалық қызметін ғылыми-зерттеу және академиялық даярлықпен ұштастыруда.
Кәсіби бағдар беру кездесуі барысында клиника мамандары магистратураның білім беру бағдарламаларына, оқытылатын пәндерге, ғылыми-зерттеу жұмыстарына және мансаптық өсу мүмкіндіктеріне ерекше қызығушылық танытты. Сонымен қатар, ветеринария саласы мамандарын мемлекеттік қолдау мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандарға шамамен 25% көлемінде қосымша үстемақы төлеу және барлық санаттағы ветеринария мамандарына ғылыми дәрежесі үшін қосымша төлем енгізу мәселелері қарастырылды. Бұл бастамалар ветеринария мамандығының беделін арттыруға және жас мамандарды салаға тартуға маңызды ықпал ететіндігі атап өтілді.

