2025 жылдың 14 сәуір күні «Ветеринария және техносфералық қауіпсіздік» кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы Қанатбаев Серік Ғаниұлы БҚОӘББ «Жоғары аграрлық-техникалық колледжі» МКҚК-де жұмысшы мамандықтарының жылына орай студенттермен «Ветеринария жетістіктері» тақырыбына ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қатысты. Дөңгелек үстелде сөз алған С.Ғ. Қанатбаев студенттерге өзінің ауылда көп балалы қарапайым отбасында дүниеге келіп, сол ауылдың орта мектебінде білім алып, артынан Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтын «Ветеринария» мамандығы бойынша қызыл дипломға бітіргенін туралы айтып берді. Сонымен қатар, өзінің ғылымға деген қызығушылығы сонау Кеңес елі кезінде институт қабырғасында «Эпизоотолог» деген ғылыми үйірмеге қатысудан басталғанын, артынан сол кездегі Кеңес Одағы мемлекеттерінің ортақ астанасы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу мал шаруашылығы институтының аспирантурасына түсіп, сол жақта кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, биология ғылымдарының кандидаты деген дәрежеге ие болғаны туралы қызықты етіп баяндады. Жалпы, тынымсыз еңбек пен ынтаның арқасында қазіргі уақытта биология ғылымдарының докторы, ветеринария саласының профессоры атағына қол жеткізіп, ветеринария саласындағы көптеген күрделенген мәселелерді шешуге белсенді түрде атсалысып жүргендігі туралы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде студенттерге «Ветеринария»  мамандығы бойынша білім берумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді түрде айналысып жүргені туралы және соның нәтижесінде Ғылым және жоғары білім беру министрлігінің өткізетін конкурсқа қатысып, ғылыми жобасы эксперттермен актуальды деп танылып, қомақты мөлшерде гранттық қаржыландыруға қол жеткізіп, қазіргі кезде кафедраның басқа да ғалымдарымен, магистранттар мен докторанттардың қатысуымен алға қойылған міндеттер мен мақсаттар табысты орындалып жатырғаны туралы айтылды. Сонымен қатар, сол кездегі мүмкіншілікті тиімді пайдаланып, соңғы курстың студенттерін колледжді бітіргесін, онлайн форматты оқуды Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде жалғастыруға шақырып, кәсіптік бағдарлама беру жұмысымен де айналысып, студенттердің әр түрлі көптеген сұрақтарына нақты жауабын берді.

 

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz