2025 жылғы 16 сәуірде энергетика, автоматтандыру және есептеу техникасы кафедрасында 6В07102 – «Электроэнергетика» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын студенттер мен Тамбов мемлекеттік техникалық университетінің (ТМТУ) студенттері арасында «Дәстүрлі емес және жаңартылатын энергия көздері» пәні бойынша академиялық ұтқырлық аясында бірлескен сабақ өткізілді.

Іс-шараға Тамбов мемлекеттік техникалық университетінің профессор-оқытушылар құрамы – «Электроэнергетика» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Кобелев Александр Викторович, т.ғ.к., доцент Кагдин Алексей Николаевич және т.ғ.к., доцент Каменская Мария Анатольевна, сондай-ақ Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің энергетика, автоматтандыру және есептеу техникасы кафедрасының оқытушылары – т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Садыкова Л.А. және аға оқытушы Саргужиева Б.А. қатысты.

Аталған оқытушылардың жетекшілігімен екі жоғары оқу орнының студенттері жаңартылатын энергия көздерін – күн, жел, геотермалдық және биологиялық отын қондырғыларын пайдалану мәселелеріне арналған мазмұнды баяндамалар дайындап, ұсынды. Студенттердің сөз сөйлеу барысында энергия тиімділігін арттыру, орнықты даму, заманауи техникалық шешімдер мен «жасыл» энергетиканы дамытудың өңірлік келешегі сияқты тақырыптар қарастырылды.

Атап өтерлігі, ТМТУ тарапынан келген студенттер де, қабылдаушы тараптың студенттері де жоғары дайындық деңгейін, ғылыми-зерттеу қызметіне деген қызығушылық пен ізденіске деген ынтасын көрсетті. Баяндамалар мультимедиялық таныстырылымдармен, аналитикалық материалдармен және зерттеліп отырған технологияларды қолданудың нақты мысалдарымен сүйемелденді.

Сабақ интерактивті форматта, пікірталас және топтық талқылау элементтерімен өтті. Қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, пікір алмасып, бірлескен ғылыми зерттеулердің ықтимал бағыттарын ұсынды.

Мұндай іс-шаралар студенттердің кәсіби құзыреттерін дамытып қана қоймай, олардың ой-өрісін кеңейтеді, мәдениетаралық коммуникацияны қалыптастырады және жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді. Алдағы уақытта бұл форматтағы бірлескен сабақтарды ғылыми жобалармен, алмасу тағылымдамаларымен және академиялық бастамалармен толықтыра отырып, жалғастыру жоспарлануда.

 

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Лимит времени истёк. Пожалуйста, перезагрузите CAPTCHA.