Бүгін, яғни 2025 жылдың 21-сәуірінде, облыс бойынша «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жаппай ағаш отырғызу экологиялық науқаны басталды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Мемлекет басшысының бастамасымен 2023 жылдан бастап өткізіліп келеді және еліміздің жасыл қорын қалпына келтіру мен көбейтуге, экологиялық жағдайды жақсартуға, қоқыстан тазартуға және қоғамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Ел Президенті Қ.-Ж.К.Тоқаев Астана қаласындағы «Жастар» саябағында экобелсенділермен бірге ағаш егу үрдісіне қатысты.
Батыс Қазақстан облысы да аталған акцияға қосылды. Ағаш отырғызуға Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Білім және менеджмент институтының 20 белсенді студенті қатысты. Жоспар бойынша, өңірде биыл 228 мың ағаш отырғызу көзделуде, оның ішінде шамамен 5 мыңға жуығы облыс орталығы Орал қаласында егілмек. Экологиялық акция аясында Тұңғыш Президент алаңында 55 терек отырғызылды.
Іс-шараға қатысқан БҚО әкімі Нариман Төреғалиев экологиялық акцияның тек көгалдандыру мен аумақты абаттандыру ғана емес, табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға қосатын үлесін атап өтті.

