2026 жылғы 24 сәуірде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті педагогика ғылымдарының докторы, ғалым-әдіснамашы, профессор Мұханбетжанова Әлия Мендешқызының 75 жылдық мерейтойына арналған «Цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріндегі білім беру: құндылықтар, этика және тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Пленарлық отырыс «Атамекен» өнер сарайының конференц-залында өтті.
Конференция модераторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Білім беру және менеджмент институты жанындағы Білім беру технологиялары және аралас оқыту орталығының жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы Бахишева Светлана Мендығалиевна конференцияны ашу үшін кіріспе сөзді тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, БҚИТУ құрылтайшылар кеңесінің төрағасы Рысбеков Тұяқбай Зейітұлына ұсынды.
Өз баяндамасында Рысбеков Т.З. қарқынды цифрландыру мен жасанды интеллект үдерістері білім беру саласы үшін жаңа мүмкіндіктер ашумен қатар, академиялық қауымдастық алдында білім беру қызметінің құндылықтық, этикалық және практикалық өлшемдеріне қатысты күрделі мәселелерді де күн тәртібіне шығаратынын атап өтті.
Пленарлық отырыста Қазақстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясынан келген жетекші ғалымдар баяндама жасады. Баяндамаларда цифрландыру және жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында білім беру жүйелерін трансформациялаудың өзекті мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Атап айтқанда, оқу үдерісіне цифрлық технологияларды енгізу, инновациялық педагогикалық тәсілдерді әзірлеу, сондай-ақ білім алушылар мен оқытушылардың цифрлық құзыреттіліктерін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, білім беру саласында жасанды интеллектті қолданудың этикалық аспектілеріне арналған баяндамалар ұсынылды. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен цифрлық платформаларды, онлайн оқытуды және оқытуды зияткерлік қолдау жүйелерін енгізудің практикалық кейстері таныстырылды. Қатысушылар өз елдерінің тәжірибесімен бөлісіп, қол жеткізілген жетістіктермен қатар, бірлескен пайымдау мен шешуді талап ететін өзекті сын-қатерлерді де атап өтті.
Пленарлық отырыс кәсіби диалогты дамытуға, пікір алмасуға және қазіргі заманғы білім берудің даму перспективаларын айқындауға арналған маңызды алаңға айналды.


