2026 жылғы қаңтар айында БҚИТУ мен БҚО Прокуратурасы арасында жасалған өзара іс-қимыл туралы Меморандум аясында «Құқық» кафедрасының 6В04202 “Құқықтану” білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылары және СТИ-ның комплаенс-қызметінің профессор-оқытушылар құрамы Батыс Қазақстан облысының Прокуратурасы ұйымдастырған «Қауіпсіз өңір – сенімді болашақ» форумына қатысты. Форум жұмысына Батыс Қазақстан облысының әкімі Н.Т. Төреғалиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары А.К. Өтегулов және Л.Т. Рысбекова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты К.Т. Абзал, БҚО прокуроры Н. Ұлысбек, Орал қаласының әкімі М.Б. Байменов, сондай-ақ Прокуратура, Полиция департаменті, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті, аудан әкімдері, БҚО бойынша департамент басшылары, жоғары оқу орындарының жетекшілері, бизнес-құрылымдар өкілдері, кәсіпкерлер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мен волонтерлер қатысты.
Форум БҚО Полиция департаментінің акт залында өтті. Форум қонақтарына облыс орталығы мен барлық аудандардағы Жедел басқару орталығында орнатылған заманауи бейнебақылау жүйесінің жаңа техникалық мүмкіндіктері таныстырылды. Бұл жүйе тәулік бойы нақты уақыт режимінде жедел жағдайды бақылауға, құқық қорғау органдарының жедел әрекет етуіне, құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және оларды «ізін суытпай» ашуға мүмкіндік береді.
Өз сөздерінде өңір басшысы Н.М. Төреғалиев, БҚО прокуроры Н. Ұлысбек, қала әкімі М.Б. Байменов Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы, Полиция департаменті және облыс әкімдігі бірлесіп әзірлеген келісілген жоспар аясында Орал қаласы мен облыс аумағында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде құқық бұзушылықтардың жалпы саны 8 пайызға азайып, қоғамдық орындарда жасалатын, мүлікке қарсы қылмыстар мен бұзақылықтың төмендегені жөнінде оң динамика қалыптасқаны атап өтілді.
Акимдер, прокуратура қызметкерлері және полицияның учаскелік инспекторларының құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша белсенді әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде 9 ауылдық округте тұрғындардың келісімімен спирттік ішімдіктерді тұтынудан толық бас тартылған, ал облыстың 8 округінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Құқық бұзушылықтардың алдын алуға кәсіпкерлердің қатысуының оң үлгісі ретінде Орал қаласындағы ең ірі көтерме нарық — «Алтын Алма» базарындағы жұмыс тәжірибесі жоғары бағаланды. Аталған нарықты А.В. Елькин басқарады. Нарық әкімшілігі 2025 жылы өз аумағы мен нысандарында жоғары айқындығы бар заманауи бейнебақылау жүйесін толық енгізді. Бұл шаралар бұрын құқық бұзушылықтар деңгейі жоғары болған нарықта ұрлық пен өзге де құқық бұзушылықтардың іс жүзінде тоқтауына елеулі ықпал етті.
Форумға қатысушыларға LED-экран арқылы қала аумағында қараусыз қалған және иесіз үйлер мен кәсіпорындардың иелерін анықтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және олар бойынша қабылданып жатқан шаралар көрнекі түрде көрсетілді, өйткені мұндай нысандар құқық бұзушылық жасалатын орындарға айналуда. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қаладағы барлық білім беру ұйымдарының маңындағы инфрақұрылымды жақсарту, атап айтқанда жарықтандыру орнату, бейнекамералар қою және қауіпсіз жаяу жүргіншілер өткелдерін ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан нысаналы жұмыстар таныстырылды.
Қала мен облыста құқық бұзушылықтар көп тіркелетін ойын-сауық орындары бойынша бірлескен жұмысты күшейту қажеттілігі де атап өтілді.
Басқарушылар өздеріне бағынышты құрылымдарға аталған жұмысты жалғастыру бойынша нақты тапсырмалар беріп, жастармен, студенттік ортамен жұмысқа, олардың құқықтық мәдениетін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға қатысуына ерекше назар аударды.
Форумда сөз сөйлеген ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары А.К. Өтегулов, Л.Т. Рысбекова, К.Т. Абзал өңірімізге жасаған іс-сапарларының нәтижелерімен бөлісіп, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асырудағы құқық қорғау органдары мен облыс әкімдігінің жұмысын оң бағалады. Сондай-ақ олар ҚР «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы», «Банктік қызмет туралы» заңдарын қабылдау, дропперлікке (дропперство) қатысты қылмыстық жауапкершілікті енгізу және басқа да шаралар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Іс-шара соңында құқық бұзушылықтардың алдын алудағы белсенді қатысқаны үшін облыс әкімі мен прокурорының Алғыс хатымен ауылдық округтердің әкімдері, прокуратура және полиция қызметкерлері, қала әкімдігі департаменттері қызметкерлері, кәсіпкерлер және азаматтар марапатталды.
Болашақ заңгерлер мен СТИ комплаенс-қызметінің мүшесі болып табылатын оқытушыларға бұл іс-шара өте ұнады, себебі ол олардың құқықтық мәдениетін арттыруға, сондай-ақ өңірімізде құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларды және нәтижесін өз көздерімен көруге мүмкіндік берді.