Мұнай-газ инженериясы кафедрасының аға оқытушы, т.ғ.м. Утеева Т.Н. «Мұнай және газ геологиясының негіздері» пәні бойынша «Мұнай мен газды бұрғылау кезіндегі ұңғымалардың негізгі санаттары» тақырыбында НД-21 О тобының студенттеріне практикалық ашық сабақ өткізді. Сабақтың негізгі мақсаты – студенттердің теориялық білімдерін бекіту, жаңа ұғымдарды меңгерту және заманауи цифрлық платформалар арқылы олардың қызығушылығын арттыру болды.
Сабақ барысында студенттер мұнай-газ саласына қатысты ұңғымалардың түрлерімен танысты. Атап айтқанда, тіректік, параметрлік, құрылымдық, іздеу, барлама және пайдалану ұңғымаларының ерекшеліктері түсіндірілді. Әрбір ұңғыманың геологиялық зерттеулердегі рөлі мен маңызы нақты мысалдар арқылы көрсетілді. Бұл студенттердің кәсіби бағыттағы білімдерін тереңдетуге мүмкіндік берді.
Сабақтың практикалық бөлімі ерекше қызығушылық тудырды. Оқытушы интерактивті әдістерді тиімді қолдана отырып, студенттерді белсенді жұмысқа тартты. Wordwall платформасы арқылы тапсырмалар орындалып, студенттер қондырғылардың атауларын тауып, оларды сәйкестендіру жұмыстарын жүргізді. Бұл тапсырмалар олардың логикалық ойлау қабілетін дамытып, білімдерін бекітуге ықпал етті.
Сонымен қатар, жаңа терминдерді меңгеруге бағытталған арнайы тапсырмалар берілді. Студенттерге кәсіби сөздер ұсынылып, оларды есте сақтау және дұрыс қолдану дағдылары қалыптастырылды. «Қанша тілді білесің?» атты тапсырма аясында студенттер қазақ тіліндегі терминдердің орыс және ағылшын тілдеріндегі баламаларын тапты. Бұл көптілді білім беру принципін жүзеге асыруға және кәсіби терминологияны жан-жақты меңгеруге мүмкіндік берді.
Сабақ барысында LearningApps.org платформасы да тиімді пайдаланылды. Бұл платформа арқылы түрлі интерактивті тапсырмалар орындалып, студенттердің білім деңгейі тексерілді. Тапсырмалар ойын элементтерімен үйлестіріліп, оқу процесін қызықты әрі тартымды етті.
Ашық сабақта заманауи педагогикалық әдістердің тиімділігін көрсетті. Оқытушының кәсіби шеберлігі, цифрлық технологияларды орынды қолдануы және студенттермен кері байланыс орнатуы ерекше атап өтілді. Сабақ өз мақсатына жетті.

