2026 жылғы 9 қазанда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті мен Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында университеттің Салалық технологиялар институтының «Құқық» кафедрасы практикалық-бағдарланған сабақ ұйымдастырды.
Сабақ Орал қаласы Полиция басқармасының Абай аудандық полиция бөлімінің № 7 учаскелік полиция пунктінің базасында 6В04202 «Құқықтану» білім беру бағдарламасының ЮР-41О, ЮР-43О, ЮР-31О және ЮР-33О оқу топтарының білім алушылары үшін өткізілді. Іс-шара «Криминология» және «Киберқауіпсіздікті құқықтық қамтамасыз ету» пәндерін оқу аясында ұйымдастырылып, болашақ заңгерлердің теориялық білімдерін бекітуге және оларды тәжірибеде қолдануға бағытталды.
Сабақтың негізгі мақсаты – білім алушыларды құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, профилактикалық бақылауды жүзеге асыру және заманауи технологияларды қолдану салаларындағы құқық қорғау органдарының күнделікті қызметінің ерекшеліктерімен таныстыру.
Іс-шара барысында «Құқық» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Т.Х. Рахметов білім алушыларға учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұржан Гумировты, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Пробация қызметінің инспекторы, әділет кіші лейтенанты Айдана Ғалиеваны таныстырды.
Полиция капитаны Н. Гумиров учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыру тәртібі, қызметкерлердің функционалдық міндеттері, әкімшілік учаскенің ерекшеліктері және құқық бұзушылықтардың алдын алудың негізгі бағыттары туралы баяндады. Сонымен қатар білім алушыларға учаске аумағындағы халық саны, кәмелетке толмағандар, білім беру ұйымдары және құқық бұзушылықтардың алдын алуда тиімді қолданылатын басқа да ақпараттар ұсынылды. Сондай-ақ 2026 жылғы қыркүйек айындағы тіркелген қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы мәліметтер берілді.
Өз кезегінде Пробация қызметінің инспекторы А. Ғалиева пробациялық бақылауды жүзеге асырудың ерекшеліктерін, есепте тұрған адамдармен жүргізілетін әлеуметтік-тәрбиелік жұмысты, сондай-ақ қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазалардың орындалуын бақылау мәселелерін түсіндірді. Сонымен қатар пробация қызметінің учаскелік полиция инспекторларымен өзара іс-қимылы және кәсіби қызметте заманауи техникалық құралдар мен ақпараттық жүйелерді қолдану мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында білім алушылар құқық қорғау органдарының өкілдеріне профилактикалық жұмысты ұйымдастыру, есепте тұрған адамдармен өзара іс-қимыл жасау, заңнама талаптарын тәжірибеде қолдану және құқық қорғау қызметіндегі заманауи технологиялардың рөлі туралы сұрақтар қойды. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарға жан-жақты жауаптар алды.
Сонымен қатар студенттерге оқу аяқталғаннан кейін құқық қорғау органдарында кәсіби тәжірибеден өту және одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы айтылды. Мұндай кездесулер білім алушылардың болашақ мамандығына деген қызығушылығын арттыруға және олардың кәсіби бағдарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Практикалық-бағдарланған сабақтың қорытындысында «Құқық» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Т.Х. Рахметов кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы мен білім алушылар атынан полиция және пробация қызметкерлеріне мазмұнды сабақ өткізгені, кәсіби тәжірибелерімен бөліскені және болашақ заңгерлерді практикалық даярлауға қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
Өткізілген сабақ университет пен құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы, білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін дамытудағы және теориялық білімді практикалық қызметте қолдану дағдыларын қалыптастырудағы маңызды қадам болды.



