2023 жылдың 20-сәуірінде педагогика факультеті «Педагогика және психология» кафедрасының ұйымдастыруымен педагогтардың ұлттық құндылықтарға негізделген жаңаша ойлауын дамытудың инновациялық-әдістемелік жүйесін қалыптастыру, мектепке дейінгі білім беру мен тәрбиеде ұлттық құндылықтар мен мәдени дәстүрлерді сақтауда отбасымен тығыз ынтымақтастық орнатудың тиімді жолдарын көрсету мақсатындағы «Болашақ мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілерін ұлттық тәрбиені жүзеге асыруға дайындаудың жаңа бағыттары мен мүмкіндіктері» тақырыбында ғылыми-әдістемелік семинар болып өтті.
Семинарда «Педагогика және психология» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, п.ғ.к Г.К.Джонисова «Ұлттық құндылықтарға негізделген “Өркендеу” жобасының ерекшеліктері мен маңызы туралы баяндаса, Орал қаласы білім беру бөлімінің №7 «Айналайын» бөбекжайы тәрбиешісі Г.Б.Нурпейсова аталған жобаға қатысушы ретінде атқарылған жұмыс нәтижелерімен бөлісті. Әдістемелік семинарда «Ұлттық дәстүр балабақшасы» жобасын жүзеге асырушы №8 «Сказка» бөбекжайы әдіскер-инноваторы Н.Ж.Саргойшина, әдіскер Ж.К.Хамидуллина мектепке дейінгі ұйымдағы жоба аясында атқарған жұмыстардан шеберлік сыныбын ұсынды. Педагогика және психология білім беру бағдарламасының 1-курс магистранты Г.Ж.Қажығалиева «Мектепке дейінгі ұйымның тәрбие үдерісінде ұлттық құндылықтарды қалыптастыру», №18 «Балдырған» бөбекжайы тәрбиешісі Ә.А.Мухтарова «Мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған ертегілерден электрондық кітапша құрастыру жолдары», №22 «Колобок» бөбекжайы тәрбиешісі А.С.Қайырлиева «Ұлттық тәрбие негізі – балабақшада», Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Д.Мухамбетова «Бала тәрбиесінде ұлттық ойындардың маңызы» тақырыбында баяндама жасады.
Мектепке дейінгі білім берудегі ұлттық тәлім-тәрбиені дәріптеудің маңызы мен мәні туралы келелі ой қозғалған отырыста «Педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессоры, п.ғ.к. Р.С.Кинжекова қатысушыларға Алғыс хат табыстады.