О.Е. Кутафин атындағы университеттің Орынбор институтының (филиалы) өкілі – сырттай оқу бөлімінің меңгерушісі Вероника Вячеславовна Чемеринская Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде болды. БҚИТУ тарапынан кездесуге ректордың міндетін уақытша атқарушы, ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Жұбантаев Изимғали Нұрымұлы және бірінші проректор, оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Машанова Самал Амангелдиевна қатысты.
Кездесу барысында екі университет өкілдері жоғары оқу орындарымен таныстырып, ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, Чемеринская Вероника Вячеславовна университет басшылығын ЖОО-ның халықаралық қызметінің негізгі бағыттарымен, ынтымақтастықтың өңірлік ерекшеліктерімен, әріптестік желіні құру саласындағы институттың басымдықтарымен таныстырып, сондай-ақ студенттер мен оқытушыларды екі оқу орнының базасында өткізілетін түрлі конференциялар мен симпозиумдарға тартуды ұсынды.
Бірінші және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Машанова Самал Амангелдиевна бірлескен білім беру бағдарламаларын, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық алмасу бағдарламаларын іске асыру, Заңтану және Құқық қорғау қызметі білім беру бағдарламалары бойынша серіктес жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдарының қонақ дәрістерін оқу мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.
Ректордың міндетін уақытша атқарушы, ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор И.Н. Жұбантаев: Біз өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша ынтымақтастық пен жемісті өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге, әсіресе ғалымдарымыздың халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуына мүдделіміз, – деп атап өтті.
Кездесу барысында Орынбор институтының бастамасымен “О. Е. Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң университетінің” Орынбор институты мен БҚИТУ арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Кездесуге қатысушылар жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық туралы қол қойылған Келісім шеңберінде университеттердің құрылымдық бөлімшелерінің жол картасын (шығармашылық ынтымақтастық жоспарын) бірлесіп әзірлеу және келесі кездесуді екі жоғары оқу орнының институттарының қызметкерлерімен бірлесіп өткізу туралы шешім қабылдады.
Кездесу соңында И. Н. Жұбантаев мұндай кездесулердің тиімді екіжақты ынтымақтастықты жолға қоюда зор маңызы бар екенін атап өтіп, Чемеринская Вероника Вячеславовнаға сапары үшін алғысын білдірді.