2023 жылғы 29-сәуірде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде болып, білім ордасы және оның жетістіктерімен, ғылыми-педагогикалық әлеуетімен, материалдық-техникалық базасымен танысты.

Министр сапары БҚИТУ оқу ғимаратының алдына шырша егу шарасынан басталды. Аталған шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов, Түркиядан келген ғалымдар мен Қазақстанның түрлі аймақтарынан келген жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.

Министр мен университет қонақтарына алдымен білім ордасы педагог-ғалымдарының еңбектерінен құралған көрме ұсынылып, университет ғалымдары гранттық қаржыландыру және коммерцияландыру бағытындағы атқарылып жатқан қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарының, әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы іргелі зерттеулердің мазмұнымен таныстырып, жұмыстардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесімен бөлісті.

Сапар барысында ҚР ҒжЖБ Министрінің БҚИТУ Телестудиясын ашу салтанаты ұйымдастырылып, оқу-тәрбие үдерісін тиісті деңгейде жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында жабдықталған арнайы оқу кабинеттері мен зертханалардың жұмысы көрсетілді. Университет қонақтары БҚИТУ Ветеринария және биотехнология ғылыми-өндірістік орталығымен және студенттердің практикалық білім мен дағдыларды нығайтуға бағытталған ветеринариялық пәндер бойынша зертханалық-практикалық сабақтармен танысты.

Сонымен қатар Министр мен ЖОО қонақтарына «балабақша-мектеп-колледж-университет» тізбегі аясында үздіксіз білім беру трендін қамтамасыз етуге бағытталған білім ордасының оперативтік басқаруындағы «Айяна» балабақшасы мен ондағы оқыту-тәрбиелеу үдерісі көрсетілді.

Сапар соңында Министрдің университет профессор-оқытушылары және студенттерімен кездесуі ұйымдастырылды. Кездесуде Саясат Нұрбек қатысушыларды еліміздің ғылым және жоғары білім саласының қазіргі ахуалымен таныстырып, ҚР-да жоғары білім және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында саланы дамыту бағытында енгізілгелі отырған оң өзгерістермен бөлісті. Кездесу барысында оқытушылар мен студенттер сұрақ қойып, пікір алмасты.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz