2026 жылғы 23 қыркүйекте Жоғары инженерлік-технологиялық колледжі және Жоғары аграрлық-техникалық колледжінің бітіруші түлектерімен кәсіби бағдар беру кездесулері өтті. Кездесудің негізгі мақсаты — студенттерге жоғары білім алудың мүмкіндіктерін таныстырып, болашақ мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру және университетке түсуге қатысты маңызды ақпарат ұсыну. Іс-шара барысында кәсіптік бағдар беру және қабылдау бөлімінің жетекшісі Қ.К. Жаниров сөз сөйлеп, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің (БҚИТУ) білім беру бағдарламалары мен мамандықтары туралы кеңінен таныстырды. Сонымен қатар университеттегі студенттерге арналған мүмкіндіктер, оқу бағыттары және қабылдау талаптары жөнінде ақпарат берілді. Кездесу еркін форматта өтіп, түлектер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Мамандар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, жоғары оқу орнын таңдауға қатысты қажетті кеңестермен бөлісті.Мұндай кездесулер жас түлектерге өз болашағын жоспарлап, мамандық таңдауда саналы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

