Универитеттің Білім және менеджмент институты жанындағы «Білім берудің технологиялары мен аралас оқыту» орталығы қазіргі заманның басты тренді жасанды интеллект және оны білім беруде пайдаланудың түрлі қырларын талдауға арналған әдіснамалық-әдістемелік семинарларды жүйелі өткізіп келеді. 2025 жылғы ақпанның 25-інде өткен семинар «Жасанды интеллект білім беру мен ғылымда: жаңа жетістіктер мен жаңа құралдар» тақырыбында болды. Орталық жетекшісі С.М.Бахишева семинарды ашып, «Білім беру мен зерттеу қызметіндегі ЖИ мүмкіндіктері және заман талабы» тақырыбында сөйледі. Одан кейін сөз алған т.ғ.к. Ж.Т.Ерназаров өзінің ЖИ қолдану тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа пайда болып жатқан құралдармен таныстырды. Аға оқытушы А.Ж.Нариманова ғылыми зерттеу жұмысына аса қажет «Zotero: мақалаларға сілтемелерді форматтау» әдісімін практикада қолдану тәжірибесімен бөліссе, философия докторы (PhD) Е.В.Тихонюк «Шет тілдерін оқыту мен оқытудағы жасанды интеллект: әлемдік тәжірибе, құралдар және кейстер» атты зерттеулерімен бөлісті. Онлайн форматта сөз алған семинарды ұйымдастырушылардың бірі, докторант Зинур Мұхтар ЖИ қолданудағы этика мен нейрондық желіге ендірілген онлайн-тақтаның мүмкіндіктерімен таныстырды, қазіргі кездегі осы тақырыптағы әдістемелік семинарлардың роліне университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры С.А.Машанова тоқталды. Семинар соңында ChatGPT, Deep Research, Deepseek, Grok және Gemini, GPT-4 Turbo, Qwen2.5 Max, т.б. қолдану мен ондағы оқытушылардың ролі туралы пікіралмасу өткізілді.



