2026 жылдың 15-қазанында жаратылыстану-ғылыми пәндер кафедрасының оқытушылары Бакесова Роза Маратовна мен Мендигалиева Аягөз Сәрсенбаевна 6B01301-Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі білім беру бағдарламасының студенттеріне «Дүниетану» пәнін оқыту әдістемесі» пәні бойынша сабақты Батыс Қазақстан облыстық экологиялық-биологиялық орталығында өткізді.
Практикалық сабақ барысында өсімдік шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қаумбаева Фиягуль Кубиновна студенттерді орталықтың тарихымен, негізгі қызмет бағыттарымен және жұмыс ерекшеліктерімен таныстырды. Халық арасында бұрынғы «Жас натуралистер станциясы» атауымен белгілі болған орталықтың табиғатты қорғау, өсімдіктер мен жануарлар әлемін таныту және экологиялық тәрбие беру бағытындағы қызметі туралы баяндады.
Сабақ барысында студенттер өсімдіктердің түрлерімен, олардың өсу ерекшеліктерімен және табиғаттағы маңызымен танысты. Орталықтың жылыжайында тропикалық өсімдіктерді тамашалап, олардың ерекшеліктері туралы мәлімет алды. Атап айтқанда, шырмалып өсетін тропикалық өсімдік анредерамен және қызғылт түсті әсем гүлдерімен ерекшеленетін бугенвиллиямен танысты. Жылыжай жағдайында өсімдіктерді өсіру, оларға қажетті температура мен ылғалдылықты сақтау, суару және күтіп-баптау ерекшеліктеріне назар аударылды.
Сонымен қатар ағаштарды қыс мезгіліне дұрыс дайындау, суықтан қорғау, бұтақтарын күтіп-баптау және маусымдық жұмыстарды жүргізу тәсілдері туралы мәлімет берілді.
Орталықтың зообағында студенттер жануарлардың түрлерімен танысып, оларды күтіп-баптау ерекшеліктері туралы ақпарат алды. Жануарларды дұрыс тамақтандыру, таза сумен қамтамасыз ету, мекен ету орындарының тазалығын сақтау, қолайлы жағдай жасау және олардың денсаулығын бақылаудың маңыздылығы түсіндірілді. Сондай-ақ жануарларға жауапкершілікпен қарау және қауіпсіздік ережелерін сақтау мәселелеріне көңіл бөлінді.
Сабақтың негізгі мақсаты – студенттердің «Дүниетану пәнін оқыту әдістемесі» бойынша теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру, өсімдіктер мен жануарлар әлемі туралы түсініктерін кеңейту және болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
Осындай тәжірибелік сабақтар студенттердің кәсіби құзыреттілігін арттырып, табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятуға, қоршаған ортаны қорғауға жауапкершілікпен қарауға және алған білімдерін болашақ педагогикалық қызметінде тиімді қолдануға мүмкіндік береді.

