2025 жылдың 11-желтоқсанында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Білім және менеджмент институтының «Тілдесу алаңы» платформасында «Айсұлу – әлем» тақырыбында «Құрмет» ордені иегері, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, қоғам қайраткері Айсұлу Қадырбаеваның студенттермен кездесу кеші өтті.
Поэзия мерекесінде «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, ақын, қоғам қайраткері Мұштанова Дариға Ғазизқызы, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені иегері, әнші, композитор, термеші Қажымов Донеділ Ізмағамбетұлы, «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, мәдени саласының үздігі Айтпаев Камалиден, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Мамыров Азамат Ибраевич және университет студенттері ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталып, өлеңдерін шырқады.
Кеш «Ақ мама» дастанынан, яғни, ақын әйелдің анасының рухымен сырласқан психологиялық шегіністерден басталып, ақынның төлқұжатындай болып кеткен, ХХ ғасырдың сексенінші жылдары жұртшылықтың аузынан түспей айтылған «Барып қайт, балам, ауылға» әнімен жалғасын тапты.
Диалог форматындағы поэзиялық кешті жүргізген п.ғ.д., профессор С.М.Бахишева әдебиет әлемінде өзіндік орны бар Айсұлу Қадырбаеваның ақындық пен имандылық, ұлттық рух пен қайрат, түркі тарихы мен туған жер тақырыптарын толғаған шығармалары туралы баяндады.
Айсұлу ханым залдан түскен сұрақтарға жауап бере отырып, өз өмірінен сыр шертті.
Жиын барысында Айсұлу Қадырбаеваның жылдар бойы атқарған ерен еңбегі, ұрпаққа қалдырар мол мұрасы сөз болды. Асқақ абыройға ие тұлғаны университет құрылтайшылары т.ғ.д., профессор, академик Т.З.Рысбеков пен т.ғ.д., профессор Б.Ғ.Шинтимирова құттықтап, ақынға құттықтау хат пен камзол табыстап, құрметке бөледі.



