Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің 6В07105 – «Автоматтандыру және басқару» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Аман Аруна ФГБОУ ВО «Тамбов мемлекеттік техникалық университеті» ұйымдастырған «Электротехника 2026» халықаралық пәндік студенттік олимпиадасында бірінші орын иеленді.
Олимпиада 2026 жылдың 30 наурызы мен 24 сәуірі аралығында бірнеше кезең бойынша өткізіліп, электротехника саласында жоғары дайындық деңгейін көрсеткен түрлі білім беру ұйымдарының студенттерін біріктірді. Қорытынды екінші кезең 2026 жылғы 23 сәуірде vsoee.tstu.ru платформасында компьютерлік online-тестілеу форматында өтті. Финалдық кезеңге өз оқу орындарында іріктеуден өткен үздік студенттер қатысты.
Олимпиада қорытындысы бойынша ЗҚИТУ студенті Аман Аруна жоғары теориялық дайындық деңгейін, кәсіби білімін көрсетіп, университетіміздің халықаралық деңгейдегі беделін арттыра отырып, бірінші орынға ие болды.
Аман Арунаны жарқын жеңісімен құттықтаймыз және оқу, ғылыми және кәсіби қызметінде толағай табыстар тілейміз!