БҚИТУ ветеринарлық клиникасында ветеринария және техносфералық қауіпсіздік кафедрасының ПОҚ, инженерлік-технологиялық колледждің басшылығы мен оқытушылары, студенттер, магистранттар, ветеринария және биотехнология ҒЗО, аграрлық инновациялық-технологиялық парк қызметкерлері Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері үшін ветеринариялық кадрларды дамыту жөніндегі ДЖДҰ жобасының өңірлік менеджері Дмитрий Морозовпен іскерлік кездесуі өтті.

Сапардың негізгі мақсаты «Ветеринария» білім беру бағдарламасы бойынша оқу-материалдық базамен және білім беру процесін ұйымдастыру жүйесімен таныстыру болды. Витебск мемлекеттік ветеринария академиясында 24 жылдық сабақ беру тәжірибесі бар, ассистенттен факультет деканына дейін барған Доктор Морозов БҚИТУ-дың ветеринария мамандарын даярлаудағы әлеуетін жоғары бағалады.

ДЖДҰ бағдарламасының өңірлік менеджері ретінде Д. Морозов бейінді жоғары оқу орындары мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері үшін халықаралық семинарлар мен форумдар ұйымдастыра отырып, ветеринариялық білім беруді дамытуға белсенді қатысады. Осындай семинарлардың бірі – «Ветеринариялық білім беруді үйлестіру: бірінші күннің түлектері үшін ДЖДҰ құзыреттеріне сәйкестендіру және “Бірыңғай денсаулық” тұжырымдамасын интеграциялау» — 14-16 қазанда Алматыда Қазақстанды қоса алғанда, өңірдің тоғыз елі өкілдерінің қатысуымен өтті. Семинар жұмысына в.ғ.д., ВжТҚ кафедрасының профессоры Абсатиров Г.Г. қатысып, баяндама жасады.

Сапар аясында доктор Дмитрий Морозов «Ветеринариялық білім беруді түлектер үшін ДЖДҰ құзыреттеріне сәйкестікке үйлестіру және «Бірыңғай денсаулық» тұжырымдамасын оқу жоспарына интеграциялау» тақырыбында қонақ дәрісін өткізді. Дәріс оқытушылар, студенттер мен магистранттар арасында үлкен қызығушылық пен белсенді пікірталас тудырды.

 

Мекен-жай
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 208
    reception@wkitu.kz