4 қарашада Мұнай-газ инженериясы кафедрасында 6В07201, 6В07204, 7М07201 және 7М07202 – «Мұнай-газ ісі» білім беру бағдарламаларының студенттері мен магистранттарына қонақ дәрісі өтті. Дәрісті «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» компаниясының Ұңғыманы пайдалану және өндіру бөлімінің операторы, техника ғылымдарының магистрі Заманбек Рахмашев өткізді. Мақсаты – болашақ мамандарды мұнай-газ сервистік компанияларымен таныстыру және салаға жұмысқа қалай орналасуға болатынын түсіндіру.

Спикер мұнайдың ел экономикасының маңызды тірегі екенін атап өтіп, Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Жаңажол, Қаламқас, Жетібай кен орындарын таныстырды. Дәрісте Теңізшевройл, NCOC, KPO, «ҚазМұнайГаз» сынды өндіруші компаниялардың жұмыс ерекшеліктері, сондай-ақ SLB, Halliburton, Baker Hughes сияқты әлемдік сервистік компаниялардың қызмет бағыттары қарастырылды. Мұнай өндіруші оператордың артында бұрғылау, ұңғымаларды жөндеу, геофизикалық зерттеу, құрылыс, автоматтандыру және өндірістік қауіпсіздік мамандарының жұмысы тұратыны айтылды.

Студенттер үшін ең жақын тақырып Батыс Қазақстан облысы болды. Қарашығанақ төңірегінде Ақсай мен Орал қалаларын қамтитын өндірістік және сервистік экожүйе қалыптасқан. Аймақта QHSE-Akbarys, KIOS, SLS Oil JV, «Казбургаз», Aksai Operating сияқты компаниялар жұмыс істейді.

Дәрістің маңызды бөлігі жұмысқа орналасуға арналды. Спикер жұмыс берушілердің мамандардан қандай білім мен дағдыларды күтетінін түсіндіріп, өз тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ болашақ инженер цифрлық жүйені де басқара алуы керек екені, өндірісте SCADA, ұңғымаларды қашықтан бақылау және жасанды интеллект қолданылатыны атап өтілді.

Мұндай кездесулер студенттерге мамандықтың нақты өндірістегі келбетін көруге және қажетті құзыреттерді ертерек қалыптастыруға мүмкіндік береді.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz