4 қараша күні 6В07204 – «Мұнай-газ ісі» білім беру бағдарламасының НД-41О тобының студенттері үшін «Мұнайсақтағыштар» пәні бойынша практикалық сабақ «Ural Petroleum» ЖШС кәсіпорнында өтті. Сабақты Мұнай-газ инженериясы кафедрасының аға оқытушысы М.Қ. Киікбаев ұйымдастырып, жүргізді. Сабақтың мақсаты – аудиторияда алған теориялық білімді нақты өндіріс жағдайында бекіту.
«Ural Petroleum» ЖШС – мұнай мен мұнай өнімдерін өңдеуге және сақтауға арналған кәсіпорын. Студенттер алдымен кәсіпорын мамандарының басшылығымен еңбек қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтан өтіп, содан кейін өндірістік аумақты аралады. Сабақтың негізгі нысаны резервуарлық парк болды. Паркте мазутты, мұнайды және ашық түсті мұнай өнімдерін сақтауға арналған көлемі 1000 және 2000 м³ резервуарлар орнатылған. Студенттер парктің құрылымымен, жабдықтарымен, өнімді қабылдау, сақтау және босату үдерісімен, сондай-ақ өлшеу-бақылау құралдары мен құбыр жүйесінің жұмысымен танысты.
Сабақ барысында көлденең болат резервуарлар (РГС) мен тік болат резервуарлардың (РВС) айырмашылығы нақты нысандар мысалында қарастырылды. РГС көлемі шағын әрі орнатуға ыңғайлы болғандықтан, аз мөлшердегі өнімді сақтау және тарату үшін қолданылады. РВС ірі көлемді болып келеді және мұнай мен мұнай өнімдерінің көп мөлшерін сақтайтын парктерде кеңінен пайдаланылады.
Практикалық сабақ студенттерге болашақ кәсіби орта туралы нақты түсінік беріп, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік берді. Университет пен өндіріс арасындағы мұндай ынтымақтастық білікті мамандар даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді. Ұйымдастырушылар кәсіпорын басшылығына қабылдағаны және мамандардың тәжірибесімен бөліскені үшін алғыс білдірді.

