2024 жылдың 28-наурызында Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі мен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ұйымдастыруымен мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың ІІІ Ұлттық Құрылтайда берілген тапсырмалары аясында  «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы – көне карталарда» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияға белгілі ғалым, саяси ғылымдар докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы Сыдықназаров қатысты. Конференция Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Б.Х.Нарымбетовтың құттықтау сөзімен басталды. Конференция модераторы филиология ғылымдарының докторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры М.Б.Сабыр конференцияның мақсаты мен маңызын түсіндіріп, баяндамашыларға сөз берді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының құрметті академигі Т.З.Рысбеков қазақ мемлекеттілігінің тарихында көне карталарды дереккөз ретінде пайдаланудың маңызын баяндады. Профессор М.Қ.Сыдықназаров «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XV-XIX ғғ. еуропалық және америкалық карталардағы қазақ мемлекеті. Зерттеулер мен нәтижелер» атты баяндамасында Еуропадан Америкаға дейінгі әлемнің әртүрлі елдерінің кітапханалары мен мұрағаттарынан жинақтаған карталарға шолу жасады.

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты С.Б.Құрманалин «Қазақ мемлекеттілігі тарихының ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызы» тақырыбындағы баяндамасын ұсынды. «ЖОО-да тарихи географияны оқыту мен қазіргі кездегі зерттеу мәселелері» тақырыбындағы баяндаманы тарих ғылымдарының докторы, профессор А.С.Тасмағамбетов оқып, тарихи географияны оқытудың әдістемелік ерекшеліктеріне тоқталды. PhD доктор, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры М.Д.Калменов «Жайық өзені бойындағы ортағасырлық елді-мекендер туралы картографиялық деректер» тақырыбындағы баяндамасын оқыды. Білім алушылар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, ғылыми-көпшілік қауым қатысқан конференцияның тағылымдық мәні ерекше болды.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz