2024 жылдың 27-наурызында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіне белгілі ғалым, саяси ғылымдар докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлы Сыдықназаров іссапармен келді. Іссапар барысында ғалым еліміздің батыс аймағындағы жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіне ашылған «Қазақ мемлекеттілігі тарихы» көне карталар кабинетінің тұсаукесер салтанатына қатысып, оқытушылар мен білім алушы студенттер, магистранттар, ізденушілерге ғалам саяхатшыларының орта ғасырлардағы карталарындағы Қазақ мемлекеттілігінің тарихы туралы ашық дәріс жүргізді.
Есімі тарихсүйер қауымға жақсы таныс зерттеушіні жақында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ақ Ордада қабылдаған еді. Кездесу барысында мемлекет басшысы ғалымның еңбегіне жоғары баға беріп, еліміздің барлық өңірінде және халықаралық іс-шараларда арнайы көрмелер ұйымдастыру қажет екенін айтқан болатын.
Ғалымның зерттеулері «Тарих ағымындағы Қазақстанның үздіксіз мемлекеттілігі. Қазақ мемлекеті XVI–XIX ғасырлардағы еуропалық және американдық карталарда. Атлас» атты кітабына жинақталған. Осы кітапты жазу мақсатында ғалым 15 жылдан астам уақытты Еуропадан Америкаға дейінгі әлемнің әртүрлі елдерінің кітапханалары мен мұрағаттарында өткізген. Қазақ мемлекетінің үздіксіз мемлекеттілігінің тарихы, оның айғақтары мен артефактілері Корольдік мұражайларда, ғылыми кітапханаларда және Брюссель, Амстердам, Лондон, Берлин, Париж, Вена, Рим, Варшава, Люксембург, Лиссабон, Прага, Эдинбург, Дублин, Краков, Вроцлав коллекцияларында, сондай-ақ Азияның жетекші картографиялық коллекцияларында Таяу Шығыстан Қытайға дейін және Оңтүстік-Шығыс Азияға дейін сақталғандығын зерттеуші Мұхит-Ардагер Сыдықназаров дәлелдеп отыр.
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіндегі дәріс барысында ғалым Италия, Англия және басқа елдердің эмиссарлары Қазақ мемлекеті деп атаған 60-тан астам политоним бар екендігін, ұлы картограф және суретші Меркатор өз карталарында қазіргі Қазақстанның аумағын да белгілеп көрсеткендігін, бұл карталарда Қазақстан территориясы анық белгіленген, «Kazak», «Qazaqі», «Казак», «Mamlakati Qazaq» сияқты атаулардың нақты көрініс тапқандығын, ең көнесі 1530 жылға тиесілі қазақ мемлекетінің тарихын баяндайтын XV-XIX ғасырдың 2 мыңнан астам картасы табылғандығын баяндап берді.
Ғалымның жинақтаған карталар қорында нидерланды, ағылшын, неміс, француз, Швейцария, Австрия және Бельгия, Италия мемлекеттерінің картографтары сызған дүниежүзі карталары бар. Кейбір карталарда үш жүз рулары мекендейтін аумақ бейнеленген. Оның ішінде найман, үйсін, қыпшақ, қоңырат, арғын, алшын, қатаған сынды рулардың қонысы бар. Тарихи-географиялық айқындау, көне заман карталарындағы нақты мемлекетті сәйкестендіру – кез-келген елдің мемлекеттілігін, оның саяси бірегейлігі мен сабақтастығын сақтаса, Қазақстанның әлемнің карталары мен атластарындағы бейнесі – үзіліссіз мемлекеттіліктің дәлелі.
Зерттеушінің университет қабырғасындағы дәрісінен дүниежүзілік картографтар мен саяхатшылардың кейбірі шекараны сызумен қатар сол елдердің өзіне тән ұлттық ерекшеліктерін сурет түрінде бейнелегенін, біздің қазақ даласының суреттері: бес қаруы сай аттылы жауынгерлер, түйелі көш, киіз үй мен ат арбалар, баласын бауырына алған аналар, тіпті қылыш ұстап, атқа мінген аналар да көрініп қалады. Каспий, Жайық, тағы басқа жер-су атаулары да сол қалпы жеткені байқалады. 1856 жылы Франциядан шыққан картаға түскен елдер туралы маңызды ақпараттар беріліпті. Сонда қазақтардың саны 4 жарым млн деп көрсетілген. Бұл – тарихшылар үшін аса маңызды дерек.
Жаһандану дәуірінде ғылым әдіснамасында аса өзекті болып отырған science subjects бағытында тарихқа қызығатын, оны зерттейтін жас ізденушілер, білім алушыларға картаны жіті зерттеуге мүмкіндік беру, тек жастарға ғана емес, ғылыми-көпшілікке карталарды көрсету, кешегі тарихқа үңіліп, білім көкжиегін кеңейту жолында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіндегі бүгінгі шараның тағылымдық мәні ерекше болды.



