Ағымдағы жылдың қыркүйек айының жиырма бірінші жұлдызында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министірлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің ұйымдастыруымен студенттерге ашық есік күні өтті. Шараға Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің «Тарих» білім беру бағдарламасының студенттері мен магистранттары қатысты.
Аталмыш шараның басты мақсаты – архив құжаттарын пайдалана отырып, жас ұрпақтың санасында тарихқа деген сүйіспеншілікті арттыру, өскелең ұрпақты өлке тарихымен таныстыру, білім алушыларға архив құжаттарын насихаттау. Болашақ ғалымдар ретінде ғылыми зерттеу жұмыстарына студенттерді тарту. Архив саласының қоғамға қажеттілігін, оның қоғамдағы рөлінің маңыздылығын көрсету.
Шара барысында білім алушылар архив қызметкерлерінің жұмысымен танысты және архив қоймасына экскурсия жасады. Сонымен қатар, білім алушылар архив қызметкерлері дайындаған көрмені тамашалады.

