27 қараша күні «Адалдық академиясы: Жастар және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана» студенттер форумы оздырылды. Бұл форум – жас буынның құқықтық сауатын арттырып, парасатты қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң болды. Аталған форумға Батыс Қазақстан инновациялық- технологиялық университеті, Білім және менеджмент институтының Құқық қорғау қызметі, Экономика, Мемлекеттік жергілікті басқару білім беру бағдарламаларының студенттері қатысты.
Форум барысында жастарға адалдық мәдениетін сіңіру, жемқорлыққа қарсы сананы күшейту және саналы таңдау жасау қабілетін дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Шараға Орал қаласы әкімінің орынбасары Дүйсенғалиев Жандос Асхатұлы қатысып, жастарды қоғамның әділ әрі жауапты мүшесі болуға шақырды. Форумның «Адалдық- ұлт дамуының тірегі» атты пленарлық сессиясында тәжірибелі мамандар мазмұнды ойларымен бөлісті.
Студенттік форумның екінші бөлімінде қатысушы студенттер арасында Quiz ойыны ойнатылды. Құқық қорғау қызметі білім беру бағдарламасының студенттері тартысты ойынға қатысып, керемет нәтиже көрсетті. Ұйымдастырушылар атынан дипломмен марапатталып, сыйлықтарға ие болды. Форум жастарға адалдықты таңдаудың артықшылығын түсіндіріп қана қоймай, әділ қоғамды бірге құруға жігер сыйлады. Адалдықты бүгін таңдаған жас- ертең әділ қоғамның тірегі!
