2026 жылғы 23 сәуірде НД-31О тобында «6В07204 – Мұнай-газ ісі» білім беру бағдарламасы бойынша жоспарға сәйкес «Сораптық және компрессорлық станциялар» пәнінен «Гидравликалық соққыларды болдырмау әдістері» тақырыбында ашық практикалық сабақ өткізілді.
Сабақтың мақсаты – білім алушыларда сораптық станциялардағы гидравликалық соққының пайда болу себептері туралы түсінік қалыптастыру, оның жүйеге тигізетін әсерін талдау, сондай-ақ гидравликалық соққылардың алдын алу мен оларды азайтудың заманауи әдістерін меңгерту.
Практикалық сабақ барысында студенттер гидравликалық соққы құбылысының физикалық табиғатын, пайда болу механизмін және оның құбыр жүйесіне әсерін қарастырды. Сонымен қатар сораптық станцияларда гидравликалық соққының алдын алу тәсілдері талданды, атап айтқанда:
- ысырмаларды біртіндеп жабу және ашу режимдерін сақтау;
- қысымды реттеу және тұрақтандыру құрылғыларын қолдану;
- ауа камераларын, гидроаккумуляторларды пайдалану;
- құбыр желісінің жұмыс режимін дұрыс таңдау;
- авариялық қорғау және автоматтандыру жүйелерін енгізу.
Сабақ барысында білім алушылар топтық тапсырмалар орындап, өндірістік жағдайларға жақындатылған есептерді шешті және гидравликалық соққыны азайтуға бағытталған инженерлік шешімдерді ұсынды.
Ашық сабақ жоғары ұйымдастырушылық және әдістемелік деңгейде өтті, студенттердің пәнге деген қызығушылығын арттыруға және олардың кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға ықпал етті.

