2026 жылғы 16 сәуірде Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Салалық технологиялар институтының ветеринария және техносфералық қауіпсіздік кафедрасында «Педагогикалық шеберлік мектебі» аясында білім беру бағдарламалары бойынша оқу нәтижелерін бағалау мәселелеріне арналған әдістемелік семинар өтті.

Семинардың мақсаты – білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау тәсілдерін жетілдіру, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын жаңарту жағдайында оқу нәтижелерін қалыптастыру және бағалауға қойылатын заманауи талаптарды талқылау болды.

Семинар барысында ветеринария және техносфералық қауіпсіздік кафедрасының оқытушылары оқу нәтижелерін бағалауға қатысты тәжірибелері мен әдістемелік тәсілдерін ұсынып, баяндама жасады. Сондай-ақ институттың басқа кафедраларының оқытушылары да қатысып, пікір алмасуға атсалысты. Бұл оқу нәтижелерін бағалау мәселелерін әртүрлі әдістемелік қырынан қарастыруға мүмкіндік берді.

Қатысушылар бағалау критерийлерін әзірлеу, оқу нәтижелерінің дескрипторларын қалыптастыру, сондай-ақ бағалау рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Оқу нәтижелерінің білім беру стандарттарының талаптарына сәйкестігіне, олардың практикалық бағыттылығына және түлектердің кәсіби құзыреттерін қалыптастырумен байланысына ерекше назар аударылды.

Семинар барысында тәжірибе алмасу жүзеге асырылып, өзекті мәселелер талқыланып, кафедралардың әдістемелік жұмысын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірленді.

Семинарды өткізу білім беру үдерісінің сапасын арттыруға және оқытушылар арасындағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz