Ашық есік күні қарсаңында Салалық технологиялар институтының «Мұнайгаз инженериясы» кафедрасы Покатиловка ауылындағы орта мектеп оқушыларына арнап кәсіби бағдар беру жұмысын жүргізді.
Іс-шараның басты мақсаты – ауыл жастарына мұнай-газ саласы туралы жан-жақты мағлұмат беріп, олардың болашақ мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауына жол ашу.
Кездесу барысында «Мұнайгаз ісі» білім беру бағдарламасына ерекше қызығушылық танытқан мектеп оқушысы Бауыржан Нұрдаулет болашақта бұрғышы маманы болуды армандайтынын жеткізді.
Жас талапкермен мазмұнды сұхбатты техника ғылымдарының кандидаты, кафедраның доценті Қайырбек Айтжанович өткізді. Ол мұнайшы мамандығының маңызы мен ерекшеліктеріне кеңінен тоқталып, кафедраның профессор-оқытушылар құрамымен таныстырды.
Бұған қоса, оқушыларға мұнай-газ өндірісінің негізгі кезеңдері мен заманауи технологияларын қамтитын танымдық деректі фильм ұсынылды. Бұл материал жас жеткіншектерге сала туралы нақты әрі шынайы көзқарас қалыптастыруға көмектесті.
Біз үшін ең басты қуаныш — кәсіби бағдар беру жұмысымыз ауыл мектептерінің оқушыларына өз болашағын айқындап, мұнай-газ саласындағы табысты мансапқа алғашқы қадам жасауына жол ашуы.

