«HTML және CSS негіздері» пәні бойынша «Гипермәтін және WEB-парақтар» тақырыбында ашық практикалық сабақ өткізілді. Сабақтың негізгі мақсаты — білім алушыларды HTML тіліндегі гипермәтіндік сілтемелерді құруға үйрету және веб-парақтармен жұмыс жасау дағдыларын дамыту.
Сабақтың кіріспе бөлімінде өткен тақырыптарды қайталау және білімді нақтылау мақсатында Wordwall платформасы қолданылды. Бұл платформа арқылы білім алушылар викторина форматында сұрақтарға жауап беріп, өз білім деңгейін тексеруге мүмкіндік алды. Мұндай әдіс білім алушылардың белсенділігін арттырып, оқу процесіне қызығушылығын оятты.
Практикалық бөлімде білім алушылар HTML тілінің негізгі құрылымын қолданып, веб-парақтарда гиперсілтемелермен жұмыс істеуді үйренді. Білім алушылар ішкі және сыртқы сілтемелерді пайдалана отырып, жеке веб-парақтар әзірлеп, теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде бекітті.
Сабақ соңында білімді тексеру және бағалау мақсатында Educaplay онлайн платформасы қолданылды. Білім алушыларға арнайы сілтеме арқылы тест тапсырмалары ұсынылып, жауаптары автоматты түрде бағаланды. Тест нәтижелері бірден экранда көрсетіліп, жалпы үлгерімге қатысты аналитикалық және статистикалық деректер де ұсынылды.
Қорытындылай келе, Wordwall, Educaplay сынды заманауи онлайн платформаларды қолдану сабақты интерактивті, қызықты әрі тиімді өткізуге ықпал етті. Мұндай әдістер білім алушылардың танымдық белсенділігін арттырып, практикалық дағдыларын жетілдіруге септігін тигізді.

