2023 жылдың 25-тамызында Астана қаласында Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен еліміздің экономикалық өсуінің негізі ретінде адами капиталды дамытуға арналған «Адами капиталдың дамуы – ел экономикасы өсуінің негізі» тақырыбындағы жоғары білім және ғылым форумы өтті.

Форум жоғары білім және ғылым саласының қызметкерлерін, ЖОО және ҒЗИ өкілдерін, қоғамдық кеңес мүшелерін, жас ғалымдар мен студенттерді, шетелдік және отандық сарапшылардың басын қосты.

Форумның пленарлық отырысын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов шараға қатысушыларға арналған құттықтау бейнеүндеуімен ашып, елдің экономикалық өсуіне жоғары білім мен ғылымды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жоғары білім мен ғылымның елдің инновациялық дамуы мен ел жастарының кәсіби дағдыларын арттырудағы маңыздылығына тоқталды.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек түрлі университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын ескеріп, сондай-ақ әлемге танылған табысты жобалардың мысалдарын келтірді.

Сонымен қатар, жиында Heriot-Watt University Tadhg O’donovan проректорының орынбасары (академиялық басшылық), Қазақстандағы De Montfort университетінің президенті Sakina Zafar, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев және басқа да сарапшылар сөз сөйледі.

Біздің білім ордамыздан аталған шараға университет ректоры, қауымд. профессор Б.Т. Шакешев, ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор, қауымд. профессор И.Н. Жұбантаев, тарих және құқық кафедрасының меңгерушісі, қауымд. профессор А.М. Балықова және т.б. қатысты.

Жоғары білім және ғылым форумы Қазақстанның білім беру саласындағы маңызды оқиға. Диалогқа, тәжірибе алмасуға және дамудың жаңа стратегияларын жасауға мүмкіндік береді. Форумда ұсынылған идеялар мен кеңестер Қазақстанның жоғары білім және ғылым саласындағы ұстанымдарын нығайтуға ықпал етеді.

Мекен-жай
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 208
    reception@wkitu.kz