2023 жылдың 30-маусымында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Ғылыми кеңесінің ағымдағы жылғы соңғы отырысында оқу жылының қорытындысы жасалып, білім ордасының үздіктері марапатталды.

Атап айтқанда, университеттің ғылыми және халықаралық қызметін ұйымдастырудағы және дамытудағы елеулі жетістіктері, ғылымға қосқан зор жеке үлесі және оқытушылар мен білім алушыларды ғылыми-зерттеу қызметіне белсенді тартқаны үшін х.ғ.д., профессор Бурахта Вера Алексеевна университет ректорының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген  республикалық байқауға қатысып, жеңімпаз атанған ф.ғ.д., профессор Мұсаев Алпысбай Мұсаұлы және п.ғ.к., профессор Тасимова Айслу Ахмадиевна «Білім-өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен және I – дәрежелі дипломымен марапатталды.

“Халықаралық педагогикалық шығармашылық пен ғылымды дамытуды қолдау қоры” қоғамдық қорының ұйымдастыру комитетінің шешімімен т.ғ.к., қауымдастырылған профессор Қадырғалиев Нұрболат Меңдіғалиұлы  мен э.ғ.к., қауымдастырылған профессор Курманова Гульнара Кусаиновна жоғары кәсібилігі үшін “Алтын ұстаз” медалімен марапатталды.

Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінің 100 жылдық мерейтойына орай университет мұрағатшысы Каракулова Гульмира Болатовна Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар университет ректоры оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Машанова Самал Амангельдиевнаны «Қаржы, ақша айналымы және несие» мамандығы бойынша экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алуымен, білім ордасының тәрбие жұмысы бойынша проректоры Абекешев Аянбек Иманбаевичті қонақ үй шаруашылығы және туризм индустриясын  басқару саласындағы және ивент-менеджмент бейіні бойынша кәсіби доктор дәрежесін алуымен және А.А. Остапец-Свешников атындағы Халықаралық балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану академиясының академигі болып сайлануымен, сондай-ақ аталған академияның 25 жыл мерейтойлық медаліне ие болуымен құттықтап,  зор денсаулық пен шығармашылық табыстар тіледі.

 

Мекен-жай
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 208
    reception@wkitu.kz