2023 жылдың 24 ақпан күні Батыс Қазақстан инновациялық- технологиялық университеті, Тарих және құқық кафедрасына академиялық ұтқырлық бағдарламасымен келген, Алматы қаласындағы Халықаралық білім беру корпорациясының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Бекешов Сарсенғали Сағызбайұлының «Қазіргі таңда өлкетану ісін зерттеудің өзекті мәселелері» тақырыбында ашық дәріс өтті.
Қазіргі таңдағы өлкетану ісін зерттеудің өзекті мәселелері аясында тыңдалған дәрісте қазіргі кезендегі Қазақстанда өлкетану жұмыстарының зерттелу барысы, тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау, өткен заманның мәдени мұраларын зерттеу, өлкетану жұмыстарын дамыту міндеттері және келешегі жөніндегі тақырыптар айтылды.
Ашық дәріске қатысушылар қазіргі таңда ең өзекті мәселе болып тұрған қараусыз, ұмыт қалған қорымдар, өлке тұрғындарының рулық-тайпалық, саяси-экономикалық өмірінен белгі беретін жәдігерлер ретінде жойылып кету жағдайында тұрғанын алға тартып, өз ойларымен бөлісті.
Сарсенғали Сағызбайұлы тарих және мәдениет ескерткіштері өз дәрежелері бойынша әлемдік, ұлттық және жергілікті маңызды ескерткіштер болып бөлінетінін, әлемдік маңызы бар ескерткіштер адамзат қоғамының дамуы мен қалыптасуының куәсі немесе әлемдік мәдениеттің ғажайып туындысы ретінде көрнекті мәдени құндылықтарды қорғау – бүкіл адамзаттық ісі деген идеяны айтып өтті.
ZOOM форматында өткізілген дәріске тарих білім бағдарламасында оқитын студенттер, магистранттар, жас мамандар қатысты.
Өлкетану ісін зерттеу мақсатында ұйымдастырылған ашық дәріс қатысушылардың пікір алмасуымен аяқталды.