Өткен жылдың желтоқсан айының 27-сінде «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру жөніндегі Республикалық конкурстық комиссияның шешімі шыққан еді.
Еліміздегі 81 жоғары оқу орнынан 471 үміткер қатысқан конкурста Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, тарих және құқық кафедрасының меңгерушісі Аққайын Балықова мен аталмыш университеттің жаратылыстану ғылыми пәндер кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Жадыра Қажиақпарова бақ сынаған болатын. Нәтижесінде екеуі де – «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына қол жеткізді.
Айта кетейік, бұл атақ жоғары оқу орындарының оқытушыларына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және біліктілігін арттыру үшін әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.

