8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков нәзік жандыларды қабылдады. Қабылдауға Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, Тарих және құқық кафедрасының меңгерушісі Балыкова Аққайың Мұратқызы қатысты.

Мерекелік басқосуға зейнеткер-аналар, денсаулық сақтау, білім, қорғаныс істері, төтенше жағдайлар, сот жүйесі, спорт, құқық қорғау, мәдениет салаларындағы нәзік жандылар мен көпбалалы аналар қатысты. Олар отбасы құндылықтары, қоғамдағы әйел адамның рөлі, мамандық сырлары жөнінде ой бөлісті.

Орал қаласының әкімі Абат Абайұлы мерекелік шараға қатысушыларға:

«Баршаңызды шұғылалы көктемнің айрықша мерекесі – халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін ортамызға тәлім мен тәрбиені ұштастарып, отбасы мен еңбек жолының арасын жалғап, халқына өнегелі істерімен үлгі боп жүрген нәзік жандылар жиналып отыр. Сіздерге әрқашан айтылар жылы лебіздер таусылмайды. Шаңырақтарыңыздың берекесі, өмірдің гүлі, күннің шуағы болып, жадырап-жайнап жүре берулеріңізге тілекшімін» деді.

Өз кезегінде Балыкова Аққайың Мұратқызы:

«Бүгінгі кездесуге шақырғандарыңызға зор алғысымды білдіремін. Қаламыздағы сан-салада еңбек еткен жандардың басын қосып, ортақ таныстық қалыптастырып, құрметке бөлеп жатырсыздар. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген білімді мамандар мен кемел тұлғалар қалыптастыру жолында еңбек етіп келе жатқан беделді білім ордасы. Оның ішінде Тарих және құқық кафедрасы еліміздің білім нарығына тарих пәнінің мұғалімдері мен тарихшы мамандар даярлау бағытында жұмыс атқаратын ұжым. Кафедра ғалымдары жуырда Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен «Орал қаласының тарихы» атты еліміздегі алғашқы интерактивті еңбектің дайындалуында үлкен еңбек етті. Көктемнің әдемі мерекесінде салтанатты қабылдауға қатысқанымызға мерейіміз асқақтап тұр. Барша әйел-аналарға мықты денсаулық, отбасы амандығын, қызметте табыс тілеймін» – деді.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz