2022 жылдың 2 қыркүйек күні сағат 11:00-де Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастыруымен «Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының ортағасырлық өркениеті» атты жылжымалы көрмесінің ашылу рәсімі өтті.
«Ұлы Жібек жолы және Отырар алқабының ортағасырлық өркениеті» атты жылжымалы көрмесінің мақсаты Отырар өркениетінің тарихы мен заттық-тұрмыстық ескерткіштерін жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, аймақтар арасында мәдени байланысты арттыру.
Көрменің салтанатты ашылуына орай ұйымдастырылған шара барысына қаламыздың мәдениет қайраткерлері, өлкетанушы-музей ардагерлері, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Тарих және құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры, философия докторы (PhD) Калменов Мұрат Дабылұлы бастаған оқытушылар мен тарих білім беру бағдарламасының 1,2,3 курс студенттері қатысты.
