2026 жылғы 22 қазанда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Салалық технологиялар институтында «Энергетика, автоматтандыру және есептеу техникасы» кафедрасының ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект – заманауи инженерлік технологияларды трансформациялау факторы» тақырыбында ғылыми дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы және 6В06104 – «Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер», 6В07105 – «Автоматтандыру және басқару», 6В07102 – «Электр энергетикасы» білім беру бағдарламаларының білім алушылары қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты жасанды интеллектіні заманауи инженерлік технологияларда қолдану мүмкіндіктерін, оның өнеркәсіптің, автоматтандырудың, ақпараттық жүйелер мен энергетиканың дамуына ықпалын талқылау болды.
Іс-шараның ашылуында кафедра меңгерушісі Утешева Г.Ш. және кафедраның ғылыми жұмысына жауапты аға оқытушы Саргужиева Б.А. құттықтау сөз сөйледі. Олар болашақ мамандарды даярлауда заманауи цифрлық технологиялардың маңыздылығын және студенттерді ғылыми-зерттеу қызметіне тарту қажеттілігін атап өтті. Дөңгелек үстелдің өткізілуіне жауапты тұлға әрі жүргізушісі ретінде техника ғылымдарының магистрі, кафедраның аға оқытушысы Кайранбаева А.Б. қатысты.
Ғылыми дөңгелек үстел барысында студенттер инженерлік қызметтің әртүрлі салаларына жасанды интеллектіні енгізудің өзекті мәселелеріне арналған 11 ғылыми баяндама ұсынды.
Қатысушылар жабдықтардың ақауларын интеллектуалды болжау, өндірістік үдерістерді автоматтандыру, машиналық оқытуды қолдану, «ақылды» зауыттарды дамыту және цифрлық басқару платформаларын енгізу мүмкіндіктерін қарастырды. Қазақстанның энергетика саласында жасанды интеллектіні пайдалану, ым тілін тану, сондай-ақ кәсіби қызметте адам мен интеллектуалды жүйелердің өзара әрекеттесу перспективаларына арналған тақырыптар ерекше қызығушылық тудырды.
Студенттердің ғылыми баяндамаларына кафедра оқытушылары Шатекова А.Н., Николаев А.А., Бертлеуов Т.М., Кадерова Р.Т., Кайранбаева А.Б., Саргужиева Б.А., Абдрахманова И.Т., Сәрсенғалиева А.М. және Ғайнешова А.М. ғылыми жетекшілік етті.
Ұсынылған баяндамалар жасанды интеллект технологияларын қолданудың кең мүмкіндіктерін көрсетіп, олардың артықшылықтарымен қатар, қолданыстағы шектеулерін, технологиялық қиындықтарын және одан әрі даму перспективаларын қарастыруға мүмкіндік берді.
Осындай ғылыми іс-шараларды өткізу студенттердің зерттеушілік құзыреттіліктерін қалыптастыруға, сыни және инженерлік ойлау қабілеттерін дамытуға, ғылыми идеялармен алмасуға және инновациялық технологияларға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Ғылыми дөңгелек үстел кафедраның студенттік ғылымды дамыту, теориялық білім мен ғылыми зерттеулердің және заманауи инженерлік шешімдерді тәжірибеде қолданудың өзара байланысын нығайту бағытындағы маңызды іс-шараларының бірі болды.



