Қадыр Мырза Әлі атындағы №47 жалпы орта білім беретін мектебінде мектеп түлектері үшін маңызды әрі мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Кездесудің арнайы қонағы — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев болды. Басқосу барысында оқушыларға Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ), грант мүмкіндіктері, жоғары оқу орындарына түсу талаптары және болашақ мамандық таңдаудың маңыздылығы туралы кең көлемде ақпарат берілді.

Кездесуге мектеп бітіруші түлектер, ата-аналар, ұстаздар және өңірдегі жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Руслан Емелбаев өз сөзінде қазіргі таңда білім саласында жасалып жатқан өзгерістерге тоқталып, талапкерлер үшін жасалған жаңа мүмкіндіктер жайында жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар ол ҰБТ-ға дайындық кезінде уақытты тиімді пайдалану, психологиялық дайындық және дұрыс мамандық таңдаудың болашаққа әсері жөнінде пайдалы кеңестерімен бөлісті.

Кездесу барысында түлектер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Әсіресе грант саны, бейіндік пәндер, шекті балл және оқу орындарын таңдау мәселелері оқушылардың қызығушылығын тудырды. Ашық форматта өткен жиын жастар үшін ерекше мотивациялық кездесу болды.

Аталған кездесуге Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті де белсенді қатысып, талапкерлерге университеттің білім беру бағдарламалары туралы жан-жақты мәлімет ұсынды. Университет өкілдері оқу орнының артықшылықтарын, заманауи мамандықтарын, халықаралық байланыстарын және студенттерге жасалған мүмкіндіктерді кеңінен таныстырды.

Кездесу аясында университеттің оқу үрдісі, студенттік өмірі және жетістіктері туралы арнайы таныстырылым көрсетіліп, түлектерге ақпараттық буклеттер таратылды. Болашақ талапкерлер университет мамандарымен еркін пікір алмасып, өздерін қызықтырған мамандықтар бойынша кеңес алды.

Мұндай кездесулер мектеп түлектерінің болашаққа сенімді қадам жасауына, мамандықты дұрыс таңдауына және жоғары білім туралы толыққанды ақпарат алуына үлкен мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастарға бағыт-бағдар беретін осындай танымдық шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz