Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Білім және менеджмент институты Ғылым онкүндігі аясында 2024 жылдың 10-сәуірінде «Жошы Ұлысы-Алтын Орда: жазба ескерткіштердің рухани-мәдени әлемі және тарихи құндылықтар» атты дөңгелек үстел өткізді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ІІІ Ұлттық құрылтайда берілген тапсырмалар аясында және ИРН АР 19679282 «Орта ғасыр жазба ескерткіштерінің тілі – рухани, мәдени құндылықтар» гранттық жоба аясында шетелдік ғалымдардың қатысуымен ұйымдастырылған офлайн/онлайн дөңгелек үстел жоғары деңгейде өтті. Дөңгелек үстелде Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының» директоры, т.ғ.д., профессор Әбілсейіт МҰҚТАР «Ортағасырлық жазба деректеріндегі Сарайшық қаласының тарихы» тақырыбында баяндама жасады. М.Әуезов ат. Оңтүстік Қазақстан университетінің профессоры, ф.ғ.д., «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар» ҒЗИ директоры Сандыбай Режепұлы Боранбаев «Алтын Орда жазба ескерткіштері түркі жұртының ортақ мұрасы» туралы кеңінен әңгімеледі. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Бақытжанұлы Құрманалин «Алтын Орда мен Қазақ хандығының сабақтастығы мәселелері» бойынша өз тұжырымдарын ортаға салды. 29 май университетінен PhD доктор, профессор  Гөксал Өзтүрік (Түркия Республикасы. Стамбул қ.) «Алтын Орда және Осман сұлтандығының рухани-мәдени қарым-қатынастарын» жан-жақты талдады. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD доктор Мұрат Дабылұлы Қалменов «Жайық қаласы – Алтын Орда кезеңінің қала мәдениеті ескерткіші» тақырыбында өзіндік археологиялық деректерін ортаға салды. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Бөкенбайұлы САБЫР «Орта ғасыр жазба ескерткіштерін зерттеудің өзекті мәселелері» бойынша кеңінен әңгімеледі. Дөңгелек үстелге студенттер, магистранттар және оқытушылар қатысты.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz