2023 жылдың 30 мамыры күні Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлестікте «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

2012 жылы 31 мамырда Астана қаласында  «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументінің ашылуы, біріншіден, ашаршылықта құрбан болған миллиондардың рухына бүгінгі буыннан тағзым. Екіншіден, келер ұрпақ ата-бабаларының қандай қасіретті бастан өткергенін біліп жүруіне қажет тағылым. Осыған сәйкес, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті мен Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық бөлімі ұйымдастырып отырған дөңгелек үстел  «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» аталуы да заңдылық.

Дөңгелек үстелге Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің тарихшы, философ, филолог ғалымдары, магистранттары мен студенттері және Батыс Қазақстан облысының этномәдени бірлестіктерінің,  бұқаралық ақпарат құралдар өкілдері қатысты.

Шараның мақсаты – өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ халқының басына төнген зұлматты кезеңді, ұлттың трагедиялық тарихын жас ұрпаққа таныту. Советтік тоталитарлық режимнің солақай саясатынан сабақ алу, тарихтан тағылым алу. Бүгінгі Қазақстан Республикасында тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен ынтымақтастығын насихаттау.

Дөңгелек үстелде тақырыпқа сай мазмұнды баяндамалар, танымдық пікірлер ұсынылды. Атап айтқанда, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор С.Б.Құрманалин сол бір жылдардағы саяси репрессия мен жаппай ашаршылық қасіретінің қазіргі қазақ мемлекетін біріктірудегі, ұйыстырудағы тарихи мәніне тоқталды. Тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ж.Т.Ерназаров ХХ ғасырдың 30-50 жылдарындағы Қазақстанға депортацияланған халықтардың бастан кешірген ауыртпалық пен қиыншылыққа толы өмірлеріне арнаған баяндамасын ұсынды.

Филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.И.Мамыров қазақ халқының басынан өткен нәубет заманының әдебиет пен өнердегі көрінісін алға тартса, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор А.Е.Бижанова саяси қуғын-сүргін процесінің отандық тарихтағы зерттелу мәселелеріне тоқталды. Тарих ғылымдарының кандидаты А.М.Балыкова өткен ғасырдың бірінші жартысындағы еліміздің демографиялық келбетінің үлкен өзгерістерге ұшырағандығын, этносаралық тұрақтылықтың, қазақстандықтар ынтымақтастығының кешегі және бүгінгі жағдайын, әлемге үлгі осы құндылықтардың тарихи тамырын өз баяндамасында зерделеді.

Дөңгелек үстелде өз пікірлерін білдірген қатысушылар азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу барша қазақстандықтардың ортақ парызы аясында әңгімелерін түйіндеді.

ЖМЖКББМ «Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті»
  • Қазақстан Республикасы
    090000, Орал
    Н. Назарбаев даңғылы, 194
    reception@wkitu.kz