2025 жылғы 10-12 қыркүйек аралығында Тамбов мемлекеттік техникалық университетінде «Жасанды интеллекттің заманауи білім беру жүйесіне ықпалы: мүмкіндіктер, сын-тегеуріндер және перспективалар» тақырыбында ашық қонақ лекциясы өтті. Лекцияны Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің энергетика, автоматтандыру және есептеу техникасы кафедрасының аға оқытушысы, техника ғылымдарының магистрі Ғайнешова Айсулу Меңдібайқызы өткізді.
Лекция барысында жасанды интеллект технологияларын білім беру процесіне енгізуге байланысты өзекті мәселелер қарастырылып, білім беру саласындағы цифрлық трансформацияның қазіргі үрдістері мен даму болашағына талдау жасалды. Сондай-ақ жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында оқытушының рөліне, оқыту әдістерінің өзгеруіне және білім алушылар мен білім беру ұйымдарының алдында ашылып жатқан жаңа мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды.
Іс-шара жоғары қызығушылық пен белсенді пікір алмасу жағдайында өтті. Қатысушылар тақырыпқа ерекше қызығушылық танытып, өз сұрақтарын қойып, цифрлық дәуір жағдайындағы білім берудің болашағы туралы өз көзқарастарымен бөлісті. Мұндай дәрістердің өткізілуі халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және білім беру жүйесіне озық технологияларды енгізуге ықпал етеді.

