2024 жылдың 13-мамырында БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Қасымов Мұратбек Жұмағалиұлы және БҚО Қоғамдық кеңес жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия төрайымы Төремұратова Жансұлу Менешқызының университетіміздің студенттерімен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясаты» тақырыбындағы кездесуі өтті.
Кездесудің мақсаты – студенттерге “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістер мен жаңалықтарды түсіндіру, құқық бұзушылықтарға “мүлдем төзбеушілікті” дәріптеу, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру және жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту, сондай-ақ өз оқуы мен болашағы үшін жауапкершілікті насихаттау.
Мұратбек Жұмағалиұлы кездесу барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы жаңалықтар, құқық бұзушылықтың осы түрі үшін берілетін жаза түрлері туралы айтып берді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді күреске шақырып, қоғамның әрекетсіздігінің салдарларына тоқталды. Ол студенттерге параның не екенін, пара беру және алу түсінігіне не жататындығын, оған қандай әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын және басқа да маңызды мәселелерді түсіндірді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті.
БҚО Қоғамдық кеңес жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссия төрайымы Төремұратова Жансұлу Менешқызы студенттерді білім беру процесінде оңай жол іздемеуге, шынайы білім жолынан таймауға шақырып, Академиялық адалдық кодексінің талаптарын қатаң сақтау керек екенің естеріне салды.
Іс-шараға қатысқан студенттер белсенділік танытып, сұрақтар қойып, өз пікірлерін білдірді.
Кездесу барысында 1424 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығының жұмыс істейтіндігі туралы ақпарат берілді, ол бойынша әрбір адам кеңес алып, сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлай алатындығы ескертілді.

