2024 жылдың 1 қарашасында Энергетика, автоматтандыру және есептеу техникасы кафедрасының аға оқытушылары Б.А. Саргужиева, А.Н.Шатекова “Электр энергетикасы”, “Есептеу техникасы және ақпараттық жүйелер”, “Автоматтандыру және басқару” білім беру бағдарламаларының 1, 2, 3 курс білім алушыларымен “Атамекен” өнер ордасында ұйымдастырылған Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» атты еңбегінің тұсаукесеріне қатысты.
Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» еңбегі Қаныш Сәтбаевтың ғылыми қызметін, оның ғылым мен білімге деген адалдығын және ғылымдағы күресі мен жетістіктерін тереңінен талдайды, сондай-ақ Қазақстандағы геология ғылымының дамуы, соғыстан кейінгі қиындықтар мен ғылыми-зерттеу институттарының құрылуы туралы тарихи контекстті қарастырады. Кітапта Сәтбаевтың шәкірттерінің жұмыстарымен, олардың ғылымға қосқан үлестерімен таныстырып, ғылымның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасу процесін көрсетеді. Сонымен қатар, автор Қазақстанның минералдық ресурстары мен геологиялық зерттеулерінің қазіргі экономикалық жағдаймен байланысын ерекше атап өтіп, жастарға ғылыммен айналысуға деген ынтаны арттыруды насихаттайды.
Кітап студенттер үшін ғылымның маңызын, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін және ұлттық ғылыми қауымдастықтың дамуын көрсететін құнды ресурс болып табылады. Санжар Керімбайдың еңбегі жастарды ғылыммен айналысуға, Қаныш Сәтбаев сияқты тұлғалардан үлгі алуға және өз елінің болашағына үлес қосуға шақырады. Бұл аспектілер студенттердің ғылыми көзқарасын кеңейтеді, алдағы уақытта ғылым мен білімді дамытуға ынталандырады.

