2025 жылдың 17-қазанында Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіне (БҚИТУ) жұмыс сапарымен Ресей Федерациясының Рязань қаласындағы Аймақтық бизнес және басқару институтының (РАБжБИ) өкілдері келді. Делегация құрамында институт ректоры Александр Сергеевич Печников және атқарушы директор Эмилия Васильевна Кузнецова болды.
БҚИТУ атынан кездесуге ректор Бекболат Теміржанұлы Шакешев, бірінші проректор міндетін атқарушы – оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Самал Амангелдіқызы Машанова, ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Ізімғали Нұрымұлы Жұбантаев, сондай-ақ Білім және менеджмент институтының директоры Әсет Сембайұлы Тасмағамбетов қатысты.
Келіссөз барысында екі білім беру мекемесі арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды. Академиялық алмасу, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қою жоспарланды.
Кездесу сапалы білім беруді дамытуға және мәдениетаралық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған әріптестік байланыстарды кеңейту жолындағы маңызды қадам болып табылады.
