18 сәуір күні Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті педагогикалық факультетінің акт залында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатысуымен «Отты жылдар қаһармандары» атты естелік кітаптың тұсаукесері өтті. Жинақтың құрастырушылары тарих ғылымдарының докторы, профессор Шынтемірова Баян Ғаббасқызы және тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Боранбаева Бақтылы Сансызбайқызы. Тұсаукесерге оқу орнының оқытушылары мен студенттері, өңіріміздің танымал ақын-жазушылары, тілшілері және еңбек ардагерлері қатысты. Кеш барысында факультет мақтаныштары ән-жырдан шашу шашты. Кітаптың тұсауын кесу ардагерлер қауымына бұйырды.
т.ғ.к., доцент Абдрахманова Р.Л. және т.ғ.к., доцент Құрманалин С.Б. соғыстың қасіреті мен ауыр зардаптарын өз баяндамаларына арқау етті.
Негізгі идея – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстан халқының майданға аттануы, олардың тылдағы жеңіске қосқан үлесімен қатар соғыс жылдарындағы өңір халқының әлеуметтік әл-ауқатын бүгінгі ғылымның биігінен талдап, ұлттық ғылыми көзқарас тұрғысынан баға беру керектігі айтылған.
Бейбіт күннің батырларын елге дәріптеп, жас ұрпаққа өнеге тұту, олардың ерлігі пен өрлігіне тағзым жасау да ұлы іс. Ардагерлеріміз соғыста өз басынан өткен оқиғаларды әңгімелеп, бейбіт күннің қадірін бағалай білуге шақырды.



