Оқу сапасын көтеру, оқытуда тәжірибие алмасудың тиімді жолдарының бірі – ашық сабақтар ұйымдастыру. Педагогика және психология кафедрасында ашық сабақтар ұйымдастыру арқылы оқытудың интербелсенді әдістерін оқу үрдісіне енгізу дәстүрге айналған. 3 сәуір күні аға оқытушы Ж.С. Қабди 6В01201 Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу, 6В01101 Педагогика және психология білім беру бағдарламаларының 2 курс студенттеріне «Отбасы тәрбиесі және психологиясы» пәнінен «Отбасында бала тәрбиесіне әсер ететін факторларды талдау» тақырыбында ашық семинар сабақ өткізді. Отбасының баланың тұлғалық қалыптасуына, әлеуметтенуіне және кәсіби қалыптасуына әсерін талдап, айқындау мақсатындағы сабақта оқытудың жаңа технологиялық мүмкіндіктері тиімді қолданылды.
Сабақтың тиімді тұсы қазіргі білім беру жүйесінің озық, нәтижелі бағытының бірі – білім беру жүйесін цифрландыруды тәжірибеде көрсете білуі. Сабақта ой жинақтау мақсатында padlet.com тақтасы, топқа бөліп, тапсырмаларды жіктеу үшін flippity.net сайты, қосымша сұрақтар мен нұсқаулықтар беру мақсатында joyteka.com сайтындағы «Квест» ойыны пайдаланылды. Семинар сабақтың екінші бөлімінде «Тәрбиенің ең тамаша мектебі – отбасы» атты видео материал ұсынылып, студенттерге сол видеода көрсетілген отбасы типтеріне психологиялық-әлеуметтік карта жасау тапсырмасы тиімді ұйымдастырылды.
Семинар сабақ соңындағы «Бала самғауы» атты рефлексиялық тапсырмасы студенттер тарапынан кері байланыс орнатып, қортындылауда нәтижелі болды. Білім берудегі жаңа технологияларды үйлесімді қолданған сабақ студентке бағдарлануымен, әдістемелік жинақтылығымен ерекшеленді.


