Орал қаласының №2 Сотына болған ашық есік күніне Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті гуманитарлық-заңтану факультетінің 1 және 2 курс студенттері қатысты. Студенттерге Орал қаласының №2 Сотының судьясы Абилкаримова Альбина Тельманқызы танысу жұмысын жүргізді.
Сотпен танысу экскурсиядан басталды, оның барысында судья Альбина Тельманқызы соттың құрылу тарихы және оның қызметі, фронт-кеңсенің жұмысы, «сот кабинеті» қызметінен бастап сот жүйесіне енгізілген ақпараттық технологиялар, соттар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері арасындағы видеоконференциялар жүйесі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Экскурсиядан кейін Альбина Тельманқызы студенттерге Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жолдауы аясында сот жүйесін одан әрі жаңғырту туралы қысқаша түсіндірме берді.
Соттарға жоғары сенім деңгейін қамтамасыз етуді – мемлекет басшысы сот жүйесінің алдына басты міндет етіп қойды. Жолдауда қазіргі заманғы жұмыс форматтары мен алдыңғы қатарлы электрондық қызметтерді енгізуді жалғастыру қажет екендігі атап өтілді; ең білікті заңгерлер судья болуға ұмтылатындай жағдай жасау, сот жүйесінің сапалы дамуы мен жаңартылуын қамтамасыз ету, судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкіндігін болдырмау-деп атап өтті.
Кездесу барысында студенттер судьялардың қызметі туралы, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу туралы сұрақтар қойып белсенділік танытты. Шара соңында студенттер қызықты және мазмұнды ақпарат үшін алғыстарын білдірді.

