2024 жылғы 15 қазанда ветеринария және техносфералық қауіпсіздік кафедрасында жоспарға сәйкес “Sitek Caspian” ЖШС компаниясының техника қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженері Төлеуов Абылайхан Саматұлының қатысуымен “Қазақстан Республикасының техникалық регламенттері” тақырыбында қонақ дәрісі өтті.
Кафедраның аға оқытушысы Габдрахим Лиана Рустамқызы дәріс алдында қонақты таныстырып, кіріспе сөз сөйледі. Қонақ дәрісіне ББ 6В11201- Қоршаған ортаны қорғау және тіршілік қауіпсіздігінің 3 және 4 курс студенттері белсенді қатысты.
“Sitek Caspian” ЖШС компаниясының қауіпсіздік техникасы бойынша шақырылған инженері Абылайхан Саматұлы еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы саласындағы тәжірибесімен бөлісті. Ол сондай-ақ өндірісте жұмыс істеген кезде жеке және ұжымдық қорғаныс құралдары туралы хабардар етті. Дәріс тыңдаушыларын кәсіпорындарда еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы саласында қолданылатын техникалық регламенттегі және халықаралық стандарттардағы өзгерістер туралы таныстырды.
Дәріс барысында студенттермен кері байланыс орнатылып, өндірістегі жазатайым оқиғалар мәселелері бойынша қызу пікірталас жүргізілді. Дәріскер студенттердің сұрақтарына жауап беріп, оқытылатын пәндердің болашақ кәсіби қызметі үшін маңыздылығын түсіндірді. Студенттер шақырылған маманға өте танымдық, қызықты дәріс оқығаны және еңбекті қорғау және өмір қауіпсіздігі саласындағы маңызды тақырыптарды ашқаны үшін алғыс білдірді!

