Төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрін қалыптастырып, оның мазмұнын идеологиялық мәнмен байыту үшін жыл сайын 14 – 23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігін жариялап, оның әр күнін белгілі бір тақырыпқа арнап отырмыз:
14 наурыз – «Көрісу» күні
Дәстүр бойынша, бұл – туған-туыстарға, көршілерге, жасы үлкен кісілерге және т.б. сәлем беретін немесе қонақ күтетін уақыт.
15 наурыз – Қайырымдылық. Бұл күнді қайырымдылық, мейірім мен тату көршілік тақырыбына арнауды ұсынамыз.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналады. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу бойынша дәстүрлі іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
17 наурыз – Шаңырақ. Бұл күнді отбасы құндылықтарын дәріптеуге арнау ұсынылады.
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнаманың онкүндігінде ұлттық киімдерді танымал етуге және сәнді киімдер көрсетілімі мен фестивальдерін өткізуге ерекше назар аудару ұсынылады.
19 наурыз – Жаңару. Бұл тұрғыда «Наурыз – елдің заманауи тарихындағы ауқымды өзгерістерге жол ашқан жаңа саяси кезеңнің бастауы» деген идеологеманы бекіту үшін сарапшылар тарапынан кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізілуі қажет.
Осы орайда, Президенттің қатысуымен көктемгі ағаш егу дәстүрін өткізіп, оны қоғамдық санаға жаңа саяси мәдениетті сіңірумен байланыстыру және оған «жаңа көшеттер – жаңа идеялар – мемлекет дамуындағы жаңа кезең» деген мән беріп, негіздеу ұсынылады.
20 наурыз – Ұлттық спорт. Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Ел ішінде өткізілетін ат жарыстар (бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу), құсбегілік және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту т.б. турнирлері қарапайым азаматтардың шынайы мереке салтанатын сезінуіне мүмкіндік береді.
21 наурыз – Ынтымақ. Бұл күннің символдық және біріктіруші мәні – Президенттің қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен бейне құттықтауы болады.
Бұдан әрі күн тәртібін жалпыұлттық телемарафон жалғастырады. Оның аясында барлық өңір тұрғындарының, соның ішінде шетелде тұратын қандастардың құттықтау мерекелік эстафетасын тікелей эфирде іске қосу жоспарлануда.
22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні мерекелік атмосфераны жасауға бұқаралық іс-шаралар мен халықтық мерекелер ықпал етеді. Барлық жерде стильді этноауылдар мен мерекелік жәрмеңкелер өз жұмысын бастайды.
23 наурыз – Тазару. Наурызнаманың қорытынды күні жаңа жылды тұтас ел болып жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акция өткізу ұсынылады.
Наурыз мейрамы бүкіл ұлттың тұтасқан идеологиясының көрінісі. Әз-Наурыздың шеңберінде бүкіл қазақтың болмысын, ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тәлім-тәрбиесін, рухани-мәдени, тарихи мұрасын сыйғызуға болады.
Наурызнаманың басты миссиясы – халқымыз ықылым заманнан бергі даңқты өткені, киелі шежіресі, жасампаз өмір салты елестеп, әрқайсымыздың бойымызға рух беріп, өз халқымызға деген сүйіспеншілік сезіміне жетелеуі тиіс. Наурызнаманың жат идеологиялар мен теріс пиғылды ағымдардан қорғайтын ұлттық иммунитетіміздің қалқаны, алынбас қамалы болуы керек.