Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің Маркетинг және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық басқармасының кәсіптік бағдар беру мамандары Танжарикова А.Е., Хайруллиев И.Ә. және Жанаева Б.М. Орал қаласындағы бірқатар жалпы орта білім беретін мектептерге арнайы барып, жоғары сынып оқушыларымен кәсіби бағдар беру бағытындағы кездесулер өткізді. Кәсіптік бағдар беру жұмыстары Ж. Молдағалиев атындағы №2 ЖОББМ, А.С. Макаренко атындағы №6 ЖОББМ, №17, №19, №21, №28, №33 мектептерде, №35 мектеп-лицейде, Дінмұхамед Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназияда, №45 мектепте, Бауыржан Момышұлы атындағы №46 ЖОББМ және Кешкі мектепте ұйымдастырылды. Кездесулердің негізгі мақсаты – болашақ мектеп түлектеріне мамандықты дұрыс және саналы таңдауға бағыт-бағдар беру, жоғары білім алу мүмкіндіктері туралы ақпарат ұсыну, сондай-ақ университеттің білім беру бағдарламаларымен таныстыру. Мамандар оқушыларға қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар, болашақ кәсіпті таңдауда ескерілуі қажет маңызды талаптар және кәсіби бағытты анықтау жолдары туралы жан-жақты түсіндірді. Кездесу барысында оқушыларға Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде жүзеге асырылатын білім беру бағдарламалары, оқуға түсу талаптары, қабылдау үдерісінің ерекшеліктері және білім алу мүмкіндіктері туралы толық ақпарат берілді. Сонымен қатар университеттегі оқу үдерісі, студенттік өмір, ғылыми, шығармашылық, спорттық және қоғамдық іс-шараларға қатысу мүмкіндіктері жөнінде айтылды.Кәсіптік бағдар беру мамандары мамандық таңдаудың адам өміріндегі маңызды шешімдердің бірі екенін атап өтті. Мамандықты таңдаған кезде оқушының жеке қызығушылығы, қабілеті, бейімділігі мен болашақтағы кәсіби мақсаты ескерілуі қажет екені түсіндірілді. Сондай-ақ жоғары сынып оқушыларына өздерінің қызығушылықтары мен мүмкіндіктерін саралап, болашақ жоспарын алдын ала құрудың маңыздылығы айтылды.Кездесулер сұрақ-жауап форматында жалғасын тапты. Оқушылар өздерін қызықтырған мамандықтар, білім беру бағдарламалары, оқуға түсу талаптары, оқу мерзімі және студенттерге жасалған жағдайлар жөнінде сұрақтар қойып, университет мамандарынан нақты жауаптар алды. Әсіресе болашақ түлектер мамандық таңдау, қажетті құжаттарды дайындау және білім беру бағдарламаларының ерекшеліктері туралы ақпараттарға қызығушылық танытты.


